ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП ҚАТАРЫ ТОЛЫҚТЫ

442

Фото: Қызылорда облыс әкімдігіҚызылорда қаласында  жаңа білім ордасы ашылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа оқу жылында балалар еш кедергісіз білім алуы қажет екенін алға тартты. Әсіресе, мектептердегі күрделі жөңдеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын қатаң бақылауға алды.
Аймақта биыл 182 мың оқушы білім алмақ. Биыл өңірдегі 6 мектепте күрделі жөңдеу жұмыстары жүруде. Бұл үшін бюджеттен 2,1 млрд.теңге қаржы бөлінген. №10 Ы.Алтынсарин атындағы мектепке барған облыс әкімі білім ордасының оқу процесіне әзірлігін бақылады. Аймақ басшысы жыл сайын апатты мектептерді жойып, жаңа мектептердің желісі көбейтуге басымдық берілетінін айтты.

«Оқушылардың қуанышына ештеңе жетпейді. Мектепке қомақты қаржы бөлінгендіктен, күрделі жөндеу жұмыстары өте сапалы орындалуы керек. Себебі оқу жылына білім беру нысандарының дайындығы Үкімет басшысының тікелей назарында. Демографиялық өсімнің нәтижесінде қалада ықшам аудандар көбейіп, мектептерде орын тапшылығы мәселесі туындағаны жасырын емес. Бұл ретте апатты жағдайдағы 4 мектептің екеуінің ғимаратын жаңа оқу жылында табыстаймыз. Тоқабай ауылындағы  бір апатты мектеп жеке инвестор есебінен басталды. Ал, Қазалы ауданындағы тағы бір мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ, қала мектептеріндегі орын тапшылығын жою үшін 4 мектептің жанынан қосымша ғимарат салуға шешім қабылданды. Қазіргі таңда, 2 мектептің жоба-сметалық құжаттары аяқталып, мердігер компаниялар бекітілуде. Ал, қалған 2 білім ұясының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде", - деді Н.Нәлібаев.

Биылғы оқу жылында Б.Құлтекенов көшесінің бойынан 1500 орындық мектеп балаларға есігін айқара ашады.
Заман талабына сай жабдықталған еңселі білім ордасы жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен салынуда.
«Байтерек Скул KZ» ЖШС-нің жауапкершілігіндегі жеке білім ұясы барлық заманауи құрылғылармен жарақталып, бір мезгілде 1500 оқушыны қабылдай алады. Ең бастысы жеке мектеп болса да, білім беру ақысыз негізде жүргізіледі.
Басты мақсат – оқушылардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету және өңірдегі үш ауысымдық оқуды болдырмау.