Ректордың жылдық есебі: университеттің даму нәтижелері
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы–Ректоры Бейбіткүл Каримова оқу орнының жылдық есебінде білім ордасы заманауи цифрлық жүйеге көшіп, ғылым мен халықаралық қауымдастықта өз орнын нығайтты,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпараттық агенттігі.
Университет басқару үдерістерін толық автоматтандырып, Microsoft 365 платформасына көшті. Соңғы екі жылда 202 студент шетелдік жоғары оқу орындарында білім алды, ал 2024 жылы оқу орны Түрік университеттері одағының ORKHUN бағдарламасына енді.
Ғылым саласында айтарлықтай өсім байқалады: жобалар саны 2021 жылмен салыстырғанда 3 есе, ғылыми кіріс көлемі 7,7 есе артқан. Жас ғалымдарға арналған ішкі гранттар көлемі жыл сайын ұлғайып, 2025 жылы 30 млн теңгеге дейін жеткен.
Бүгінде 11,7 мыңнан астам студент білім алуда, олардың 40%-дан астамы — мемлекеттік грант иегерлері. Университет QS WUR, QS Asia, QS Sustainability және Times Higher Education рейтингтерінде лайықты орын алып, халықаралық танымалдылығын арттырды.
29 білім беру бағдарламасы — Қазақстанның үздік үштігінде, ал 6 бағдарлама «Атамекен» рейтингі бойынша ТОП-10 қатарында.
Бейбіткүл Сәрсемханқызы алдағы оқу жылында ғылыми-инновациялық бағытты күшейтіп, қандастар мен шетелдік студенттерге арналған жаңа білім гранттарын көбейтуге ниетті екенін жеткізді. Қорқыт ата университеті бүгінде аймақтың ғана емес, елдің де жетекші жоғары оқу орындарының бірі атанып отыр.







