Жаңа мектептер салынып, мыңдаған жаңа оқушы орны ашылады
Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқушы орындарының тапшылығын азайту, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Министрліктің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бері елімізде 1 млн-нан астам оқушы орнына арналған 1200-ден астам мектеп салынған.
Оның ішінде 2023-2024 жылдары 510 мың оқушы орнына арналған 422 мектеп пайдалануға берілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 4 есеге, апатты мектептер саны 2 есеге, ал оқушы орындарының тапшылығы 4 есеге қысқарған.
«Келешек мектептері» жобасы
2023-2025 жылдары «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мыңнан астам оқушы орнына арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынды.
Министрліктің мәліметінше, бұл білім беру ұйымдары оқушы орындарының тапшылығы жоғары елді мекендерде орналасқан. Олардың құрылысы қолданыстағы мектептердің жүктемесін азайтуға бағытталған.
2026-2027 оқу жылында 101 мектеп салынады
2026-2027 оқу жылында елімізде 60 мыңға жуық оқушы орнына арналған 101 жаңа мектеп салу жоспарланған.
Нысандарды орналастыру кезінде өңірлердегі демографиялық өсім, оқушы орындарының тапшылығы, үш ауысымды және апатты мектептердің болуы, сондай-ақ жаңа тұрғын алаптарының қалыптасуы ескеріледі.
Мектеп құрылысы қандай қаражат есебінен жүргізіледі?
Оқу-ағарту министрлігінің ресми жауабына сәйкес, білім беру нысандарының құрылысы республикалық және жергілікті бюджеттер, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырылады.
Бұл ретте білім беру нысандарын салуды ұйымдастыру, құрылыс барысын бақылау және оларды пайдалануға беру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады.
Министрліктің мәліметінше, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және балаларды қауіпсіз әрі қолайлы оқу жағдайларымен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.
Қаз
Рус






