Оқушылар төртінші тоқсанда қалай білім алмақ

410
Алматы мектептері қайтадан қашықтан білім беруге көшеді. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті.

Оның айтуынша, мектеп пен балабақшадағы балалар арасында вирус жұқтыру жағдайы күрт өскен. 

"Биыл мектепке дейінгі балалар арасында вирус жұқтыру екі есе көбейді, оған қоса оқушылардың да індет жұқтыруы жоғары. Мутациядан өткен штамдар кішкентай балаларға да әсерін тигізуде. Былтыр 281 оқушы ауырса, биылғы жылдың үш айында 1 468 бала вирус жұқтырған. Сол себепті осы жолы қатаң шектеу шараларын енгіздік",
- дейді Жандарбек Бекшин. 

Сондай-ақ ол қаладағы барлық мектептер қашықтан білім беруге көшетінін, тек кезекші топтарда ғана дәстүрлі форматты білім алатынын айтты. 

"Ата-аналардың өтініші бойынша кезекші топтар ашылады. Ондағы оқушылар саны 15 баладан аспауы қажет. Бұл 1-5 сыныптар және халықаралық деңгейде оқитын мектептердегі 1-7 сыныптарға қатысты. Сонымен қатар, мектепті бітіретін 9 бен 11 (12) сыныптарда да кезекті топ ашылады", - деді ол. 

"Біз ештеңеге қарамастан қаулыдағы өзгертулерді өзгертуге дайынбыз. Жұма күні енгізілген карантиндік шараларды бағалаймыз. Егер қандай да бір шаралар нәтиже бермесе, онда оны өзгертіп, жеңілдетеміз. Нысандарды ғана емес, сонымен қатар іс-шараларды да үнемі бағалап отырамыз", - дейді Бекшин.