Депутат шағын мектептерді күтіп ұстаудың нормативтерін қайта қарауды ұсынды

435
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жәмилә Нұрманбетова шағын жинақты мектептердің мәселесін көтерді. Осы орайда Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғажановтың атына депутаттық сауал жолданды.

Оның пайымынша, Білім министрлігі мектептегі білім беру бағытында жүргізіп жатқан реформалары шағын жинақты мектептер қызметінің ерекшелігін тиісті деңгейде ескермей отыр. 

«Орта білімнің жаңартылған мазмұнын енгізу процесі, сонымен бірге шағын жинақтағы мектептерде мұғалімдердің педагогикалық жүктемесі мен олардың жалақысы ерекше назар аударуды талап етеді. Мәселен, аталған мектептерде бірнеше түрлі пәнді жүргізетін бір мұғалім сабаққа дайындық пен оны бірнеше сыныпта өткізу кезінде елеулі методикалық жүктемеге тап болады», - деді депутат.

Осы орайда ол бұл жағдайлар салдарынан мұғалімдердің жалақысы төмен екенін айтты. 

Сонымен қатар Жәмилә Нұрманбетова шағын жинақтағы мектептерде интернет жылдамдығы мәселесін де шешу керектігін алға тартты. 

Депутат аталған мәселелерді ескере отырып, шағын жинақтағы мектептердегі проблеманы шешуге қатысты тиісті қадамдарды жасауды ұсынды.