Кадр тапшылығы бар өңірлерге ауысып барған мұғалімдерге 790 мың теңге жалақы төленеді - Білім министрі
387
Қазақстанның мұғалім тапшы төрт өңіріне жұмыс істеуге барған педагогтерге 790 мың теңге жалақы төленеді. Оның ішінде коммуналдық шығындар да қарастырылған. Бұл туралы мәжіліс отырысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Мәжілісте үш жылдық бюджетті қайта қарау кезінде депутат Жәмилә Нұрманбетова мұғалім тапшы өңірлерге барған ұстаздарға қандай әлеуметтік көмек көрсетілетінін сұрады.
"Нақтыланған республикалық бюджет жобасында Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарына екі мыңға жуық педагогты тарту үшін 3,9 млрд теңге көзделген. Бұл ретте аталған қаражатта лауазымдық жалақыға 150% мөлшерінде жалақыға ынталандыру үстемақысын белгілеуге ғана шығыстар жоспарланған. Біз әлеуметтік қолдауға бағытталған басқа шығыстарды көрмей отырмыз. Осыған байланысты басқа елді мекендерден көшіп келген мұғалімдер үшін баспанамен қамту мәселесін қоса алғанда, әлеуметтік топтама қандай болады?", - деп сұрады депутат.
Білім министрі Асхат Аймағамбетов бұл бағдарлама биыл қыркүйек айынан басталатынын айтты.
Айтуынша, 3,9 млрд теңге есебінен мұғалімдерге жалақы төлеу және тұрғын үй жалдау мен коммуналдық шығындарды өтеу жоспарланып отыр.
"Неге біз бұл мәселені жалақының ішінде қарастырып отырмыз? Біздің заңнамаға сәйкес, тұрғын үй жалдау мен коммуналдық төлемақыны тек жергілікті бюджеттен бере аламыз. Сондықтан жергілікті бюджетке ауырпалық түсірмес үшін және заңнаманы бұзбау үшін бұл мәселені жалақы арқылы шешіп отырмыз. Мәселен, Мұнайлы ауданына көшіп баратын мұғалім қыркүйек айында жалақы алса, онда оның жалақысы 790 мың теңгеге жуық болады. Сол 790 мыңның 140 мыңға жуығы коммуналдық шығындар болады, ал 650 мың теңгеге жуығы - мұғалімнің өз жалақысы", – деп түсіндірді министр.
Айтуынша, бұл төрт өңірге барған мұғалімге қойылатын басты критерий – мұғалімнің біліктілігі шебер немесе зерттеуші болуы керек және арнайы іріктеу емтиханынан өтуге тиіс.
Осы орайда мәжіліс спикері Ерлан Қошанов неліктен төрт өңір ғана қамтылғанын сұрады. Сондай-ақ төрағаның пікірінше, көзделіп отырған қолдау шаралары қосымша сұрақтар тудырады.
"Мысалы, басқа өңірден Мұнайлы ауданына келген ұстаз екі есе жалақы алады дедіңіз. Сонда жергілікті ұстаз екі есе төмен жалақы алып, бірақ жүктемесі сонымен бірдей болады. Сол кезде жергілікті мұғалімдер тарапынан наразылық туындамай ма? Бұл әлеуметтік теңсіздікке алып келмей ме? Қоғамда осындай сұрақ туады деп ойлаймын", деді спикер.
Аймағамбетов төрт өңірді таңдау екі критерийге сәйкес жүргізілгенін атап өтті. Біріншіден, оның сөзінше, төрт өңірде мұғалім тапшылығы жоғары деңгейде.
Екіншіден, бұл облыстар білім беру сапасы жағынан халықаралық әрі қазақстандық зерттеулер бойынша ең соңғы орында тұр.
"Менің ойымша, әлеуметтік теңсіздік болмайды. Неге? Жалпы, бізде 350 мың мұғалімнің жалақысын төлеу жүйесі бірдей. Бірақ бірдей болғаннан кейін, екі мұғалім бір мектепте жұмыс істеп жатса, яғни жалақысы мен жүктемесі бірдей қойылса да, біліктілігіне сәйкес қазірдің өзінде айырмашылық бар. Мысалы, оның "шебер" деген біліктілігі болса, 50%-ға артық жалақы алады. Ал магистратура дәрежесі болса, онда ай сайын 30 мың теңге үстемақы төленеді. Сол сияқты бұл жерде де қосымша шарттар қосылып отыр. Егер сол мектептегі мұғалімнің өзі басқа тапшылығы бар жерге көшіп барса және ол тиісті емтиханнан өте алса, оның дәл осындай жалақы алуға мүмкіндігі бар", - деді Асхат Аймағамбетов.
Министр аталған бағдарлама мұғалім тапшылығы мен білім сапасын көтеруге ықпал ететінін айтты.