Мейрамбек Шермағанбеттің қатысуымен №15 мектеп-лицейі алғашқы қоңырауын соқты
1 қыркүйек – Білім күні Қызылорда қаласында ерекше түрде атап өтілді. «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында жуырда ғана пайдалануға берілген Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінде алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы ресми түрде басталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл күні мектеп аулалары балғын балалардың шат-шадыман күлкісіне толып, білім жолына алғаш қадам басқан бүлдіршіндердің қуанышына куә болды. Әсіресе алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған оқушылар үшін бұл – ұмытылмас сәт, жаңа өмір жолының бастауы.
Салтанатты шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет арнайы қатысып, ұстаздар қауымы мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек», – деген болатын. Осы орайда қолға алынған «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы – білім беруді теңестіруге бағытталған маңызды бастама. Жаңа мектеп – осы жобаның жемісті нәтижесінің бір көрінісі. Ұрпағы білімді елдің болашағы да жарқын. Бүгін есігін айқара ашқан бұл білім ордасы – келешекке жасалған сенімді қадам, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Аймақ басшысының орынбасары өз сөзінде Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың: «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» деген ұлағатты ойын мысалға келтіріп, білімнің ұлт болашағындағы маңызын ерекше атап өтті. Ол жаңа оқу жылында оқушыларға табыс, ұстаздарға шығармашылық шабыт, ата-аналарға – қуаныш пен сенім тіледі.
ЖАҢА МЕКТЕП – ЖАҢА МҮМКІНДІК
Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейі – заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, талапқа сай салынған жаңа үлгідегі білім ордасы. Мұнда:
- STEM кабинеттері, зертханалар, ІТ сыныптар;
- Интерактивті тақталармен жарақталған оқу кабинеттері;
- Спорт зал, асхана, кітапхана, көркем еңбек бөлмелері қарастырылған.
Сапалы білім беруге бағытталған бұл мектепте ұстаздар мен оқушыларға барынша қолайлы орта қалыптасқан. Бұл – тек білім алу орны ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға жол ашатын рухани орталық.
ӘЛІППЕ – БІЛІМ САПАРЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ АДЫМЫ
Салтанатты шарадан кейін облыс әкімінің орынбасары мектеп ішін аралап, оқу кабинеттерімен танысты. Әсіресе 1-сынып оқушыларымен кездесіп, олармен тілдесті. Мейрамбек Зинабдинұлы бүлдіршіндерге сәттілік тілеп, «Әліппе» оқулығын естелік ретінде табыстады.
– Сіздердің алғашқы ұстаздарыңыздан алған тәрбие мен білім өмір бойы сіздермен бірге жүреді. Оқуға, ізденуге, еңбек етуге құштар болыңыздар. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тірегі. Сонымен қатар, ұстаздармен тілдесіп, олардың еңбегіне алғыс білдірді. «Ұстаздың еңбегі өлшенбейді, ал шәкірттің жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі. Сондықтан жастардың бойына біліммен қатар адамгершілік пен рухани құндылықтарды дарыту аса маңызды», – деді Мейрамбек Шермағанбет.
БІЛІМ – ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ҚАЗЫНАСЫ
Жаңа оқу жылы – жас буын үшін жаңа белес, жаңа мүмкіндік. Білімге құштар әрбір өреннің бойындағы ұмтылыс – ел болашағын айқындайтын күш. Осы жолда мемлекет, ұстаз, ата-ана үштігі бірлесе еңбек еткенде ғана сапалы нәтижеге қол жеткізуге болады.
Қызылорда облысында бүгінде білім саласына ерекше көңіл бөлініп, жаңа мектептер салу, ауыл мен қала арасындағы білім сапасын теңестіру, оқушыларға заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Бұл – ұзақ мерзімді тұрақты дамуға бастайтын сенімді жол.
Білім күні – тек мереке емес, бұл – жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын, өскелең ұрпақтың жүрегіне үміт отын жағатын ерекше күн. Қызылордада ашылған жаңа мектеп – мемлекетіміздің болашағы үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Бұл мектептен елін сүйетін, білімді, тәрбиелі, ұлтқа адал ұрпақ өсіп шығатынына сенім мол.







