Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Астанада «Ұстаз» фильмінің таныстырылымы өтті
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің және Жетісу облыстық әкімдігінің қолдауымен бүгін астаналық педагогтер мен білім беру ісінің ардагерлері үшін жетісулық режиссер Ерлан Ошақбаевтың «Ұстаз» фильмінің тұсаукесері ұйымдастырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Фильмде жас ұстаздың туған ауылына оралуы, өзі оқыған мектепте жұмыс істеуі, оқушылармен қарым-қатынасы, мұғалімнің беделі, шәкірттерін білім бәсекесіне қабілетті етуге деген ұмтылысы мен жаңашылдығы, сондай-ақ педагогикалық қызметтің қиындығы мен қызығы көрініс табады.
Таныстырылым кезінде сөз сөйлеген оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, фильмді еліміздің басты телеарналарынан көрсету және барлық өңірлерде педагогтер қауымдастығы арасында тарату жөнінде ұсыныс білдірді.
«Ұстаз» фильмінің идея авторы – Бейсен Құранбек, сценарийін жазған – Гүлмира Қадырқызы, ал фильм кейіпкерлерінің рөлдерін Жетісу облыстық драма театрының және оқушылар сарайындағы поэтикалық театрдың актерлері сомдаған. Фильм Жетісу телеарнасының қолдауымен өңірде түсірілген. Алдағы уақытта ол еліміздің бас телеарналарынан көрсетілмек.