ЖОО жанынан диссертациялық кеңес құрудың талабы өзгерді

375
Докторант дайындау лицензиясы бар 80 ЖОО-ның 54-інде ғана диссертациялық кеңес құрылған.
 
Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова диссертациялық кеңес пен диссертация қорғау ережелеріне енген өзгерістер туралы баяндады. 
 
«Бұдан былай диссертациялық кеңесті ашу кезінде жоғары оқу орнында тиісті лицензияның болуы жеткіліксіз. Бүгінге дейін осындай талап қана қойылып келген. Енді ЖОО-ның базасында білім беру бағдарламаларының тізіміне енген, сараптамадан өткен, аккредиттелген PhD бағдарламасы болуы керек. Сондай-ақ, ол бағдарлама бойынша маман даярлауға жыл сайынғы мемлекеттік тапсырысы бар болуы тиіс», - деді комитет басшысы.
 
 Оның айтуынша, қазіргі таңда 80-нен астам ЖОО-да докторнант дайындау лицензиясы бар болғанымен, тек 54-інде ғана диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Комитет төрайымы жаңа норма диссертациялық кеңес неғұрлым дайындығы жоғары ЖОО-ларда ғана құрылуына жол ашатынын айтады. 
 
«Бұған дейін диссертациялық кеңес құрамы 3 жылға тағайындалып, тұрақты негізді жұмыс істеп келді. Енді оның құрамы әлдеқайда икемді болып, 50 пайызы тұрақты, 50 пайызы уақытша мүшелерге бөлінеді. Тұрақты мүшелерді ЖОО-ның ғылыми кеңесі тағайындайды. Ал уақытша мүшелер докторанттың қорғайтын тақыбырына сәйкес жеке-жеке тағайындалады. Бұл диссертацияның әділетті бағалануына мүмкіндік береді», - деді Гүлзат Көбенова. 
 
Министрлік өкілі бұған дейін докторлық диссертация қорғау үшін үміткерлер еңбегін бірнеше рет талқылаудан өткізіп, тіпті кейде ақылы негізде талқылау қйымдастыруға мәжбүр болғанын еске алды.
 
 «Докторанттар диссертациясын қорғау үшін бірнеше талқылау сатысынан өтуі керек болған. Тіпті кейде ақылы негізде талқылаудан өткен жайттар да болғаны жасырын емес. Енді бұған жол берілмейді. Докторант талқылаудан кафедраның кеңейтілген отырысында бір-ақ рет өтеді. Диссертацияға қатысты пікірлердің бәрі қорғау кезінде ғана айтылады. Бұл докторантты қорғау алдындағы басы артық жүктемеден босатып, диссертациялық кеңестің бағалау кезіндегі жауапкершілігін арттырады», - деді комитет басшысы.