Мұғалімдерге арналған қаржылық сауаттылық курсы іске қосылды

2 285

Фото: Оқу-ағарту министрлігіҚазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мұғалімдер мен оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды жоба жалғасуда. Бұл бастама – елдің экономикалық тұрақтылығын нығайту мен қаржы мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жобаны ҚР Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асырып жатыр. Ведомство мәліметінше, бағдарлама қаржы және білім беру саласындағы халықаралық сарапшылардың ұсынымдары негізінде әзірленген.

500 педагог – алғашқы толқын

Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінен «Жаһандық құзыреттілік» пәнін оқытатын 500-ге жуық мұғалім бес күндік арнайы курстан өтуде. Курс барысында педагогтерге қаржыны тиімді басқарудың негіздері, отбасылық бюджетті жоспарлау әдістері, қаржылық мінез-құлықтың психологиясы сияқты тақырыптар үйретіледі.

Сабақты ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының тренерлері жүргізуде.

Ал ҚР Ұлттық Банкінің мамандары тыңдаушыларға инфляцияның жеке қаржыға әсері, инвестиция, цифрлық активтер, несие мен зейнетақы жүйесі, интернет алаяқтық және жеке деректерді қорғау туралы дәрістер оқиды.

Мақсат – мектеп оқушыларына қаржылық білім беру

Курстан өткен педагогтер алған білімдерін мектеп оқушыларына жеткізетін болады. Жыл соңына дейін 6000 мұғалім, ал 2026 жылға дейін тағы шамамен 4000 педагог қаржылық сауаттылық бойынша біліктілігін арттырады деп жоспарлануда.

Қоғамдық маңызы зор жоба

Қаржылық сауаттылықты білім беру жүйесіне енгізу – азаматтардың экономикалық ойлауын дамытудың негізі. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл бастама:

  • Қоғамдағы қаржылық мәдениетті арттыруға,
  • Азаматтарды қаржы пирамидалары мен алаяқтықтан қорғауға,
  • Жас ұрпақтың жауапты қаржылық мінез-құлқын қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, бұл бастама тек мұғалімдерге емес, жанама түрде барлық оқушылар мен олардың отбасыларына да оң әсер етпек. Себебі қаржылық білім – тек бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі тұрақтылықтың кепілі.