Инклюзивті білім беру саласын дамытуға бағытталған жаңа жоба іске қосылады
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан мінез-құлықты қолданбалы талдау кафедрасын ашу жоспарлануда — бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Министрлік тарапынан сапалы білім беру жүйесін дамыту, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен аутизм спектрінің бұзылысы бар оқушыларды қолдау, жасанды интеллект пен заманауи технологияларды пайдалану арқылы инклюзия мәдениетін нығайту және педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Бағдарламаны дайындаған және оқыту курсын жүргізген — халықаралық деңгейдегі мінез-құлықты талдау саласының сарапшысы, Оттава қаласындағы «Azbuka ABA» мектебінің негізін қалаушы әрі директоры Зухра Измайлова-Камар.
Оқу аяқталған соң, Зухра Измайлова арнайы педагогика саласында білім бағдарламаларын жүзеге асырып жатқан жетекші жоғары оқу орындарының бірі базасында мінез-құлықты қолданбалы талдау кафедрасын ашу идеясын ұсынды.
Жобаның тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында бұл кафедраны Абай атындағы ҚазҰПУ жанынан ашу ұсынылды.
Қазіргі уақытта аталмыш бастаманы жүзеге асыру үшін алдымен зертхана құру, кейін оны ғылыми кафедраға айналдыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Абай атындағы ҚазҰПУ бұл халықаралық маңызы бар жоба үшін тек платформа ұсынумен шектелмей, сонымен қатар инклюзивті білім беруді, цифрлық сауаттылықты және тұрақты даму идеяларын зерделеуге арналған интеллектуалды орта қалыптастыруда.