ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ «АТАМЕКЕН» БАЛАЛАР АУЫЛЫ МЕН Т.ЕСЕТОВ АТЫНДАҒЫ №264 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНЕ БАРДЫ
ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев Қызылорда облысындағы жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов, облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы Шермағанбетпен бiрге «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылына барып, ондағы балалардың тұрмыс-тіршілігімен танысты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Тәрбиеленушілер әзірлеген жазғы лагерьдің жабылу салтанатты мерекесінің қонағы болды.
Ғани Бектайұлы алдымен әр ұлттың балалары тәрбиеленетін «Байқоңыр» үйіне кіріп, отбасы мүшелерінің өнерін тамашалады. Тәрбиеленушілер өлең оқып, домбырамен күй тартып, ертегіден қойылымдарын тарту етті. Өз кезегінде вице-министр еліміздің жарқын болашағы өскелең ұрпақтың еншісінде екендігін айтып, балаларды сапалы білім алып, талапты болуға шақырды.
Мұнан соң вице-министр қаламыздағы Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде болып, ондағы жаңа технологиямен жабдықталған обсерватория, киностудия, BioMaster, BioFlowers, STEM лабораториясы мен жаңадан ашылған инклюзивті орталықтың жұмысымен танысты.
Ғани Бектайұлы балалардың танымдық және шығармашылық бағытта жұмыс істеуіне жол ашатын кабинеттердегі құрылғылар арқылы озық идеяларды іске асырып, жаңа жобалар жасауға жол ашатынын ерекше атап өтті.