Түркістандық оқушылар тек 35 минут оқиды
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Нұрлы жол ауылында мектеп жоқ деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Оқушылар ескі жатақханада төрт ауысыммен оқып жүр. Ескі жатақхана 30 жылдан бері «мектепке» айналған. Ондағы 700-ге жуық оқушы он кабинетте, мұғалімдер дәліздің бір бұрышында отыр. Тіпті төрт ауысымға үлгеру үшін бір сабақ 35 минутқа дейін қысқартылған.
Нұрлы жол ауылындағы жалғыз мектеп 70-жылдары алма мен жүзім теретін жұмысшыларға жатақхана ретінде салынған. Ауылда ел көбейген соң, 30 жыл бұрын ғимаратты уақытша мектеп ретінде ашқан. Содан бері бұл жердің тақтасы мен партасы да ауыспаған. Қазір тар жатақханаға оқушы сыймай, амалсыз төрт ауысыммен оқып жатыр.
670 оқушыға мектепте бар-жоғы 10 кабинет бар. Сынып жетпегендіктен орындық пен үстел сыйған жердің бәрі сыныпқа айналған.
Мәселен, мұғалімдер бөлмесі болмаған соң, 70 ұстаз дәліздегі бір үстелге жайғасқан. Ал аядай ғана бөлмеде директордың қос орынбасары, психолог пен медбике бірге отыр. Аядай ғимаратта тынысы тарылғанын оқушылар түгілі, мұғалімдер де мойындап отыр.
Дәлізінен екі адам қатар жүре алмайтын мектептің мәселесін шешу үшін мұғалімдер есік алдындағы ескі ғимаратты да қажетіне жаратуға мәжбүр болыпты. Әу баста асхана ретінде салынған ғимарат соңғы 10 жылда мектептің әмбебап орнына айналған. Себебі, кейде мұнда акті залы, кейде спортзал, ал кейде оқушыларға сабақ өтеді. Дәл мұнда қазір ғимараттың тең жартысы акті залы, қалған жартысы мектептің қоймасы. Қоймаға мұғалімдердің өзі өзге мектептерден қалған парта, тақтаны жинап, жөндеп, өз мектептеріне іліп қояды.
Бұл мәселемен ауыл тұрғындары жеті жылдан бері білім бөлімінен бастап, облыс әкіміне дейін барған. Тұрғындар ауыл ішінен мектепке деп өз жерін беріп, құжатын да реттепті. Бірақ шенеуніктер жаңа мектеп салуға асықпайды дейді тұрғындар.
Ал шенеуніктер мәселені биылдан бастап шешіп жатырмыз дейді. Яғни мектеп жанынан жаңа ғимарат салуды жоспарлап отыр екен.
Жаңа мектептің құрылысы бір жылда аяқталса, төрт ауысым сабақ кестесі толық жойылады.