Жоқтан бар жасап отырған кітапханашыларға әдістемелік қолдау керек - министр

373

Фото; ҚР Оқу-ағарту министрлігіҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектеп кітапханаларының қорын ұлттық ауыз әдебиет туындыларымен қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Министрліктің аппарат мәжілісінде «Оқуға құштар мектеп» жобасының іске асу барысы талқыланды. Баяндама жасаған Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрланов балалар әдебиетінің ішінде ғылыми фантастиканы дамытудың маңызына тоқталып, Қытайдың тәжірибесін мысалға келтірді.
Айтуынша, бұл елде ғылыми фантастиканы дамытуға бағытталған арнайы заң қабылданып, Жазушылар қауымдастығы жанынан Ғылыми фантастика комитеті құрылған.
Министр Асхат Аймағамбетов әуелі мектеп кітапханаларының қорын ұлттық құндылықтармен байыту маңызды екенін атады.


«Жалпы өңірлерде «Оқуға құштар мектеп» жобасы қалай іске асып жатқаны туралы толыққанды ақпарат болғаны абзал. Керек болса, әр мектепті талдау керек. Оның кітап қоры қандай, соған мән берілуі шарт. Мен мектептерді аралағанда бірінші кезекте кітапханаларына барамын, кітапханашыларымен әңгімелесемін. Біраз әріптестеріміз бар, кітап десе, көзі жанып, кәдімгідей жоқтан бар жасап отыр. Ал кей жерлерде кітапханасы да бар, бірақ жұмысты ұйымдастырғанның өзінде балаларға қызықты емес, басқа әдебиеттерді бірінші орынға қойып қойған. Балалар өздері іздеп тапсын деген қатынас бұл. Бірақ бала кітапханаға кіріп келгенде «мен мұндамын» деп тұратын болуы керек. Сондықтан әдістемелік жақтан да тиісті сүйемелдеу жұмысын жүргізу керек», - деді ведомство басшысы.


Министр мектепке кітап сатып алу кезінде ұлттық құндылықтарға басымдық берілу керектігін еске салды.


«Қажетті оқулықтарды, қажетті көркем әдебиетті сатып алу жұмысын жүргізу қажет. Әсіресе біздің ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, осы шеңбердегі туындылар көп болуы керек. Біздің аңыздар, батырлар жыры туралы туындыларды міндетті тізбеге қостық. Мектеп кітапханаларын қазақтың әр түрлі ұлттық ертегілерімен, аңыздарымен қамтамасыз ету мәселесін бөлек қарастырыңыздар»,- деді Асхат Аймағамбетов.