Шәкіртақы табыс ретінде есептеле ме: студенттерге ипотека беру шарттары
Отбасы банкінің «Наурыз» бағдарламасы аясында шәкіртақы ресми табыс ретінде есепке алынады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі baribar.kz сайтына сілтеме жасап.
Ипотека рәсімдеу кезінде банктер әдетте ресми табыс, еңбек өтілі, зейнетақы аударымдары және бастапқы жарнаның болуын талап етеді. Жоғары оқу орнында білім алып жүрген жастар үшін баспана сатып алу қолжетімсіз мақсат болып көрінуі мүмкін. Екінші деңгейлі банктердің басым бөлігі тек шәкіртақы алатын студенттерге ипотека бермейді. Өйткені несие алушының төлем қабілетін бағалау кезінде банктер соңғы алты айдағы ресми еңбек өтілі мен зейнетақы аударымдарын ескереді. Сонымен қатар кейбір ипотекалық бағдарламаларға қатысу үшін үміткердің жасы кемінде 21-де болуы қажет. Алайда 18 жасқа толған студенттер үшін тұрғын үй несиесін алу мүмкіндігі толықтай жоқ емес.
Егер студент қосымша ресми түрде жұмыс істесе, банк оның жалақысы мен шәкіртақысын бірге қарастырып, төлем қабілетін бағалайды. Бағдарлама шарттарына сәйкес ресми табыс ретінде жалақы, кәсіпкерлік қызметтен түсетін кіріс, қызмет көрсету ақылары, жәрдемақылар, тұрғын үй төлемдері және шәкіртақы есептеледі.
«Наурыз» бағдарламасы бойынша әлеуметтік осал топтарға жылдық мөлшерлеме 7% пайыз болса, басқа санаттағы азаматтар үшін 9% пайыз деңгейінде белгіленген. Бағдарлама арқылы пайдалануға берілген жаңа тұрғын үй сатып алу үшін кемінде 10% пайыз, ал салынып жатқан немесе қайталама нарықтағы баспана үшін 20% пайыз бастапқы жарна қажет. Бастапқы жарнаны жинауға ата-аналар немесе жақын туыстар көмектесе алады. Бағдарлама аясында Алматы мен Астана қалаларынан тұрғын үй сатып алуға 36 миллион теңгеге дейін, ал өзге өңірлерде 30 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Ипотеканың ең ұзақ мерзімі – 19 жыл. Бағдарламаға қатысу үшін үміткер Қазақстан азаматы немесе қандас мәртебесіне ие болуы керек. Сонымен қатар соңғы бес жыл ішінде оның жеке меншігінде тұрғын үй болмауы және Отбасы банкінен депозит ашып, кемінде 2 миллион теңге жинауы қажет. Банк ипотека рәсімдеу кезінде студенттің ай сайынғы төлемдерді өтеу мүмкіндігін бағалайды. Қажет болған жағдайда қоса қарыз алушыны тарту арқылы екі адамның табысы бірге есептелуі мүмкін.







