Еліміздегі колледждерде 4 мыңнан астам білім беру бағдарламасы жаңартылды

645

Қазақстандық колледждерде 4 мыңнан астам білім беру бағдарламасы жаңартылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша,  бағдарламаларды әзірлеу үшін еңбек нарығының қажеттіліктерін білетін жұмыс берушілер тартылды. Әсіресе жұмыс орнында белгілі бір мамандықты игеру үшін қандай дағдылар мен машықтар қажет екендігі туралы жұмыс берушілердің пікірі ерекше ескерілді.

Мысалы, «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС ұсынысы бойынша «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша білім беру бағдарламаларына ауыл шаруашылығы техникасының электрика, гидравлика, трансмиссия, навигация және отын жүйелері бөлімдерін оқыту қосылды.


Колледждердің әлеуметтік серіктестерінің, Discovery Borovoe шипажайының ұсынысы бойынша «Тамақтануды ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім беру бағдарламасына вегетарианшыларға арналған тағамдарды, диеталық және дұрыс тамақтанатындарға арналған тағамдарды дайындау дағдылары мен машықтары енгізілген.


«Барлық білім беру бағдарламасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стадарттарын және кәсіптік стандарттардың сәйкестігіне сараптамадан өтіп, оларды әрі қарай Білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізеді. Осылайша, білім беру бағдарламаларын сараптау бүгінгі еңбек нарығының қажеттіліктеріне және талаптарына сәйкес келетін бағдарламаларды таңдауға мүмкіндік берді. Оқытудың мынадай бағыттары бойынша білім беру бағдарламалары әзірленді: инженерлік, өңдеу және құрылыс технологиялары, білім беру, қызмет көрсету саласы, қаржы және құқық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) және т.б. Әзірленіп жатқан білім беру бағдарламаларының өзектілігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін колледждер жанындағы Индустриялық кеңестер санын ұлғайту жөнінде шаралар қабылданды. Бұрын олардың саны 513 болса, қазір 578-ге жетіп отыр. Яғни білім беру бағдарламаларын әзірлеуге атсалысатын жұмыс берушілер саны көбейіп келеді. Бұл «Қазцинк» ЖШС, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «ТНК» АҚ филиалы, «Дон тау-кен байыту комбинаты», «ҚазХром», «BOSCH Service» ЖШС, «Бипек Авто Қазақстан» АҚ, «Астана Ютария ltd» инновациялық өндірістік компаниясы» ЖШС және т.б. ірі кәсіпорындар», - деді Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Отандық колледждерге академиялық еркіндік берілгенін еске сала кетейік. Енді бұл жұмыс берушілермен бірге студенттердің оқу мерзімін анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, бұрын оқу мерзімі орташа есеппен 2 жылдан 4 жылға дейін болса, енді колледждер мамандықтың күрделілігі мен қажетті оқу нәтижелерін ескере отырып, оқу мерзімін өз бетінше анықтауға мүмкіндік алды.

Білім беру бағдарламасын меңгеру мерзімдері оқу жоспарларының үлгілері бойынша кредиттер көлемімен анықталады. Яғни негізгі орта білім негізінде жұмысшы біліктіліктерін игеру үшін біліктіліктің күрделілігіне қарай 120-дан 180 кредитке дейін талап етіледі.


Мысалы, Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінде «Техник-механик» біліктілігімен «Дәнекерлеу ісі» және «Техник-құрылысшы» біліктілігімен «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша оқу мерзімі қысқартылды.


Бұрын студенттер орта буын маманының бір ғана біліктілігін алса, енді олар жаңа форматтағы білім беру бағдарламалары бойынша сол уақыт аралығында жұмысшы біліктілігін де, орта буын маманы біліктілігін де меңгеруге мүмкіндік алды.