Елімізде 21 жасқа дейінгі жастарға энергетикалық сусындар сатуға тыйым салынбақ
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елімізде 21 жасқа дейінгі жастарға энергетикалық сусындар сатуға тыйым салынатынын айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, саламатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында 452 саламатты өмір салты кабинеті жұмыс істейді.
“4608 денсаулық мектебі, темекіге қарсы кабинет және 157 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Темекіні тұтынуды азайту үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап темекі өнімдеріне акциздің ставкалары көтерілді. Тұтынудың электрондық жүйелерінің (вейптер), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына толық тыйым салуды енгізу бойынша мәжілісте заңға өзгерістер қарастырылды. 21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды енгізу жөніндегі норманы талқылау рәсімі жүргізілуде", - деді министр.
Оның атап өтуінше, биыл "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" пилоттық ұлттық жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісі пайдалануға беріледі.
"32 заманауи көпбейінді аудандық орталық аурухана ұйымдастырылады. Ауылдық денсаулық сақтау үшін 1100 медицина қызметкері даярланады. Ауылдық жерлердегі қолжетімсіздік мәселесі шешілетін болады. Сонымен қатар, соңғы жылдары 250 алғашқы көмек көрсету объектісі салынды", - деді Ажар Ғиният.