МӘМС өз міндетін НЕГЕ орындамады?

2 993

Қазақстан 2025 жылдары Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жабуды ойластыра бастады. Аудиторлар есебінде де, халық пен депутаттар тарапынан да МӘМС-ке айтылған сын, наразылық көбейіп барады,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Nege порталына сілтеме жасап.


МӘМС жүйесін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүргізіп отыр. Ол қор Денсаулық сақтау министрлігіне қарайды. Және жұмысында былықтар көбеймесе, азаймаған. Ең бастысы, әу баста құрылар кезінде МӘМС бойынша адамдардың өз медициналық қажеттілігіне өздері жарна төлеп, осынау зор шығынды мемлекет мойнынан алып тастау көзделген еді. Одан бөлек, «МӘМС жүйесі медицина сапасын айтарлықтай жақсартады» деген дәйек айтылған. Соның ешбірі орындалған жоқ.

2020 жылдан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша жұмыс істеп келеді. Сонда ТМККК-ға ақшаны мемлекет беріп отыр.


Тіпті медицинаға бағытталған мемлекеттік шығындар 2019 жылы 1 триллион теңге болса, 2021 жылы 1,4 триллион теңгеге өскен.


МӘМС бюджетке жүктемені азайта алмады. Және өз ішінде заң бұзушылықтар көбейіп барады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 2022 жылғы аудиттелген есебі. Аудитор: Центраудит-Қазақстан


Мемлекеттің мақсатты ақшасын басқа бағытқа бұру оқиғалары да кездескен. 2020-2021 жылдары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ТМККК-ға бөлінген мемлекеттің 11,4 миллиард теңге қаражатын өз қызметтерін төлеу үшін жұмсап жіберген. Сосын, керісінше, МӘМС-тен жинап алған 27,9 миллиард теңге қаражатты ТМККК қызметтерін төлеуге бағыттаған. Аудиторлардың жоғарғы палатасы былтырғы тексеріс кезінде 71,6 миллиард теңгеге қатысты бұзушылықтарды анықтапты.


Тақырыпқа орай: МӘМС: Жарна төлемейтін 3 млн адам ҚАЙЫРШЫ емес

2022 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халық пен кәсіпкерлерден 10,7 миллиард теңге жинаған болатын. Соның 8,3 миллиардын медициналық сақтандыруға жұмсады, 1,3 миллиард теңгесін өзінің әкімшілік шығындарына жаратты, 234 миллион теңге салық төлеп, қалған 871 миллион теңгені таза пайда деп көрсетті.


Мемлекет медицинаға 1,4 триллион теңге жұмсап отырғанда, МӘМС масштабының түк емес екенін байқауға болады. МӘМС – халықтың ашу-ызасын келтіргеннен басқа, өзінің әу бастағы мақсаттарының бірде-біріне жетпеген өлі система.


Сондықтан МӘМС-ті жауып тастағаннан мемлекет еш ұтылмайды. Және Үкімет те осыны түсінген сияқты. Егер бір нәрсе дұрыс жұмыс істемесе, оны обал болады деп сүйреп жүргеннен еш пайда жоқ.