Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қолдау күшейтіледі

2 507

Фото: ©ҮкіметҚазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, ЮНФПА атқарушы директоры Диене Кейтамен кездесті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесуде денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық, ана мен баланы қорғау, репродуктивті денсаулық, әйелдер мен жастарды қолдау мәселелері талқыланды.

 Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-мен жан-жақты ынтымақтастыққа ерекше мән береді. ҚР Үкіметі ұлттық басымдықтарымызға сәйкес БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қорымен әріптестікті одан әрі кеңейтуге дайын. ЮНФПА-ның Астанадағы елдік кеңсесінің жұмысы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформаларды үйлесімді түрде толықтырады. Бірлескен күш-жігермен біз неғұрлым әділетті және инклюзивті қоғам құрамыз, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, соңғы бес жылда ана өлімі 35%-ға, нәресте өлімі 25%-ға төмендеген. Қазір елімізде «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылып, өңірлерде 90 жастар денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр.

Фото: ©ҮкіметДиене Кейта Қазақстанның әлеуметтік саладағы жетістіктеріне жоғары баға беріп, ЮНФПА стратегиялық бастамаларды қолдауға дайын екенін айтты. Сондай-ақ ұйым өкілдері еліміздің медицина саласындағы заманауи технологиялар мен жасанды интеллект шешімдерінің енгізілуін атап өтті.

БҰҰ бейбітшілік, қауіпсіздік және орнықты даму секілді үш басты мақсат негізінде құрылған. Қазақстанның саясаты осы қағидаттарға толық сәйкес келеді. Ана өлімінің төмендеуі елде әйелдер мен халықтың денсаулығына қаншалықты үлкен көңіл бөлінетінін көрсетеді, ал жастарға, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында көрсетіліп отырған қамқорлық жоғары бағаға лайық. Біз ЮНФПА-да Қазақстанмен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз. Мен Қазақстанның жаңа Конституциясына ерекше тоқталғым келеді, оның өзегінде адам құқықтары мен таңдау еркіндігі жатыр — дәл осы қағидат бүгінгі жаһандық өзгерістер дәуірінде аса маңызды. Қазақстан орнықты және адам игілігіне бағытталған дамудың қалай жүзеге асуы керек екенін жүйелі түрде көрсетіп келеді,- деп атап өтті Диене Кейта.