Әдемі мүсін үшін денсаулығын тәуекелге тіккен

2 510

Фото:© Opennews.kz/ЖИСымбатты денеге тез қол жеткізгісі келген қыз-келіншектер оның ағзаға қалай әсер ететінін ескере бермейді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі. 

“Бір айда қиналмай-ақ 15 келі тастадым”, “Диетасыз, спортсыз 10 келіден арылдым”. Мұндай жарнамалар бүгінде көпшілікке таныс.  Соның салдарынан артық салмақтан арылмақ болып, денсаулығына зиян келтіргендер де аз емес.  Динара Әділова осыдан алты жыл бұрын арықтататын өнімдердің бірін қабылдаған. Он күн бойы ішкенімен, салмағында еш өзгеріс болмаған. Керісінше, бір түні демі жетпей, құлап қалған.

“Аяқ-қолым бағынбай, екі апта бойы орнымнан тұра алмай жаттым. Содан кейін паникалық шабуылдар басталды”, – дейді ол.

Ол кейін мұндай жағдайға тап болған жалғыз өзі емес екенін білген. 

“Кейін бұл жағдайдың жалғыз менде болмағанын білдім. Мұндай өнімдер ағзадағы дәрумендерді азайтып, психикаға қатты әсер етеді деген пікірлерді көп кездестірдім. Тіпті ауыр психикалық ауытқуларға дейін жеткізуі мүмкін екенін жазғандар болды”, – дейді Динара.

Ал Жадыра Играгим “Липоформ” деп аталатын арықтататын капсуланы танысынан сыйлыққа алған. Салмақ тастағысы келген ол өнімнің ағзасына қалай әсер ететінін толық зерттеместен қабылдай бастаған. Алайда көп ұзамай ұйқысы бұзылып, жүрек қағысы жиілеп, тынысы тарылғандай күй кешкен.

“Түнде бәрі ұйқыға кеткенде, мен көз іле алмай отыратынмын. Жатсам, демім жетпей жатқандай сезілетін. Бір түні диванда тұрған ойыншық аю маған қарап, басын изеп тұрғандай көрінді. Қасына барсам, қимылсыз қалады. Алыстан қайта қарасам, тағы қозғалғандай болады. Оның галлюцинация болған-болмағанын білмеймін, бірақ сол сәтте қатты қорықтым”, – дейді Жадыра.

Оның сөзінше, капсуланы қабылдаған кезде тәбеті күрт төмендеп, тамақты бұрынғыдан әлдеқайда аз жей бастаған. Соның әсерінен салмағы 108 келіден 98 келіге түскен. Алайда арықтаумен бірге ағзасында әлсіздік пайда болып, гемоглобин көрсеткіші де төмендеген.

“Бұл жағымсыз белгілердің дәл сол капсуланы қабылдаған кезде басталды. Өнімді тоқтатқаннан кейін бәрі біртіндеп түзелді. Сосын дәріні ішпей қойдым, алғашында тоқтатқан кезде әлсіздікті сездім”, – дейді ол.