Медициналық техниканы отандық деп өткізген: 4,5 млрд теңге ұрлаған күдікті ұсталды
Қазақстан азаматы тендерлер ұтып алып, шетелден бөлшек күйінде жеткізген медициналық техникаларын отандық өнім деп өткізіп келген. Оның бұл ісінен мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам шығын келген. Жымысқы ойын іске асырғаннан кейін Грузияға тайып тұрған, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Жуырда Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп, күдіктіні қылмыстық жауапқа тарту үшін елге экстрадициялады.
Ер адамның ісін тергеу барысында ол тендерлер алу үшін заңсыз жолмен отандық тауар өндіруші мәртебесін алған. Ал мемлекеттік органдарға елімізде медициналық техникалар шығаратыны туралы жалған мәліметтер берген.
Ал шын мәнінде Қазақстанда ешнәрсе өндірместен шетелден бөлшек күйінде жеткізген медициналық техниканы құрастырып, отандық өнім ретінде өткізген.
Арам ойын іске асырған соң Қазақстанда жауапқа тартылмас үшін шетелге тайып тұрған.
«Биыл наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Ол осы ісі үшін мүлкі тәркіленіп, он жылға дейінгі сотталуы мүмкін», – делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, биыл жыл басынан бері Грузиядан 7 адам Қазақстанға күшпен жеткізілді, олардың 5-еуі ақша ұрлағаны үшін іздеуде болған.
Қаз
Рус






