ЖИТС- XXI ҒАСЫР ДЕРТІ

536
Қызылорда облысында АИТВ жұқтырған 148 адам тұрады. Оның ішінде 85-і ер адам, 62-сі әйел адам және біреуі бала,- деп хабарлайды Opennews.kz  ақпарат агенттігі. 

Жүре пайда болатын иммунитет тапшылығының синдромы - аса қатерлі вирустық дерт. ЖИТС ауруы алғаш рет 1981 жылы 5 маусымда АҚШ-та Калифорния штатында кистозды пневмонияға шалдыққан гомосексуалистер арасында табылған. 1984 жылы ағылшын ғалымы   Роберт Галло ЖИТС  вирусын  зерттеп, адамдарда ғана пайда  болатынын дәлелдеген. Алайда осы аурудың пайда болуы туралы көптеген дерек көздері бар. Әлемнің әр түкпіріндегі ғалымдар бұл ауру туралы түрлі көзқараста. Яғни, ЖИТС екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада пайда болған десе, Голландия зерттеушісі бұл індет Балтықтан басталып, барлық елді жалмай бастады деген тұжырым жасаған. 

 
Ал, біздің өңірімізде  ең бірінші АИТВ/ЖИТС-жұқпасына шалдыққан жағдай 1987 жылы тіркелді. Қазақстанда АИТВ-жұқтырған 15 465 жағдай тіркелген, олардың ішінде ЖИТС-пен ауыратындар саны 1 199 адамға жетті. 

 
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау  ұйымы 1988 жылы 1 желтоқсан күнін ЖИТС- пен күресу күні деп белгілеген болатын. Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстанда ЖИТС-пен ауратындар саны 1-ші орында Қарағанды облысы, оның ішінде Теміртау қаласы, 2-ші орында Павлодар облысы, оның ішінде Екібастұз қаласы, 3-ші орында Оңтүстік Қазақстан облысы оның ішінде Алматы, Шымкент, Тараз қалалары бар екені белгілі болды. 


Ал, біздің өңірдегі жұқпалы аурулардың бүгінгі күнгі статистикасына сүйенсек, Қызылорда облыстық ЖИТС-тың алдын алу және қарсы күрес жөніндегі орталықтың мәліметінше, Диспансерлік есепте 148 АИТВ жұқтырған адам тұрады. Оның ішінде 85-і ер адам, 62-сі әйел адам және 1 бала. АИТВ жұқтырғандар арасында мектеп жасында бір бала бар. 17-19 жас аралығында екі АИТВ жұқтырғандар есепте тұрады. 20-29 жас аралығында 32 адам есепте тұрады.  


Айықпас дерттің яғни, АИТВ/ЖИТС жұқпасының алдын алу шараларын тұрғындар арасында да насихаттау әсте бәсеңдеген емес. Соның бір айғағы Қызылорда облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының мамандары 2021 жылы АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу тақырыбында білім мекемелерінде (мектептер, арнайы орта және жоғары оқу орындары) жоғарғы сынып оқушылары, студенттер және мұғалімдер  мен оқытушылар арасында 881 іс-шара ұйымдастырып, 43 247 адам оқыту бағдарламасымен қамтылғандығы да атап өтілді. Індеттің алдын-алу бағдарламаларына үкіметтік емес секторлар қатыстырылады. Осыған орай Республикамызда Үкіметтік емес ұйымның ЖИТС- ті алдын алуға арналған 93 арнайы орталықтар бар.  
 
Оның ішінде мектеп оқушылары мен мұғалімдері арасында 757 іс-шара ұйымдастырылып, 34 104 адам қамтылған. Облыс бойынша мектептердің 91,7 пайызы іс-шаралар ұйымдастырылған. Арнайы оқу орындарында оқушылар мен оқытушылар арасында 115 іс-шара ұйымдастырылып, 7542 адам қамтылған. Облыс бойынша арнайы орта оқу орындарының 100 % іс-шаралар ұйымдастырылды.


«Мен ЖИТС ауруын жұқтырғанымды 30 жасымда білдім. Бастапқыда қатты әсер етпеді. Кейіннен қызуым түспей тұмау болып ауырдым. Ия әрине, тұмаймын деп ойлап жүрдім, бірақ кейіннен тексерілгенде маған ЖИТС деген диагнозды койып берді. Бұл ауру көбіне сексуалдық жолмен пайда болатынын білгенде, мен ондай нәрсе жасамайтын едім. Осы ісіме қатты өкінемін. Енді бұл аурудың нақты емі жоқ екенін білгенде қатты ішім ашиды» - деді Назгүл Аленова.


ЖИТС індетін жұқтырған адамда ешбір ауру белгілері байқалмауы не қысқа мерзімді тұмау тәрізді белгілер пайда болуы мүмкін. Әдетте, инфекцияның симптомсыз кезеңі ұзаққа созылады. Ауру үдеген сайын адамның иммунды жүйесі әлсіреп, туберкулез секілді көп кездесетін, сондай-ақ иммунитет қызметі қалыпты адамдарда бола бермейтін медицина тілімен айтқанда, оппортунис инфекциялар мен ісіктер пайда болуы мүмкін. Індетті жұқтырған адам емделмесе, шамамен 11 жыл ғана өмір сүре алады. ЖИТС – жүре пайда болатын иммунды тапшылық синдромы көбінесе 20 жастан 49 жасқа дейінгі адамдар арасында жиі кездеседі. Десек те, қазіргі кезде темір тордың арғы  жағындағы азаматтар арасында да кездесіп отыр. Аталмыш дертпен күресу барысында мемлекет тарапынан 2021 жылға – 135 395 000 теңге, 2022 жылға – 137 200 000 теңге бөлінді.  


XXI ғасыр дерті болған ЖИТС-тің   таралу жолы:
  • Нашақорлық;
  • Донорлық жолмен;
  • Гомосексуалистер;
  • Анадан нәрестеге жұғу арқылы;
  • Гемофилия ауруына шалдыққандар арқылы болатын болса, індеттің арнайы белгілері бар. Медицинаның тілімен айтқанда: инкубациялық жасырын кезең, лимфаденопатия, нақты ЖИТС ауруы.
 
Аурудың арнайы емі жоқ, сондықтан барлық жүргізілген шаралар ауруды тежеуге және адам өмірінің сапасын шамалы болса да ұзартуға көмектеседі. 


«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, адамға денсаулық бір-ақ рет беріледі, ал сол денсаулықты сақтау – өзіңіздің қолыңызда. Өмірдегі ең жарқын жастық шақтарымызда дендеріміздің саулығына бүгіннен бастап қамқор болайық.


 ТҰМАР ХАНЫМ