Облыс әкімі ҚР Энергетика вице-министрімен кездесті

191

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасеновпен кездесті,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасеновпен кездесу барысында аймақтағы мұнай, газ, уран өндіру саласының өзекті мәселелерін талқылады.

Кездесуде аймақ басшысы Энергетика министрлігіне қосымша ұсынылған өңір үшін маңызы зор газдандыру жобаларына қолдау көрсетуді, «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамының Сыр өңіріне қайырымдылық мақсатқа бағытталған қаржыландыруын ұлғайтуға ықпал етуді сұрады.

Өз кезегінде Энергетика министрінің орынбасары алдағы уақытта да өңірдегі жүзеге асырылатын жобалар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.

Айта кетейік, жексенбі күні Асхат Хасенов Жаңақорған ауданындағы «Байкен-U» ЖШС-не тиесілі «Хорасан-2» кенішіне барып, қызметкерлердің тұрмыстық жағдайымен танысты, өндірістік алаңдағы цехтар мен қоймаларды аралады.

Бүгін Энергетика вице-министрі уран өндіруші кәсіпорындармен мәжіліс өткізіп, геологиялық барлау жұмыстары мен газ өндіру мәселелері бойынша кеңеске қатысты, облыстық телеарнаға сұхбат берді.

Ертең вице-министр Асхат Хасенов «Достық үйінде» тұрғындар мен коммерциялық емес ұйым өкілдерімен кездесіп, жергілікті БАҚ өкілдеріне брифинг бермек.