Қарағандылық студентке екі түрлі вакцинаны шатастырып салып жіберген
Қарағандыда енді екпе орталықтарында әр вакцина үшін жеке кабинеттер ашылатын болды. Себебі, дәрігерлер алғаш рет "ХаятВак" вакцинасын алған студентке "Спутник V" вакцинасының екінші компонентін салып жіберген.
Белгілі болғандай, Қарағандыда 19 жастағы студент қыз бен оның әпкесі вакцинаның екінші компонентін алуға бірге келген екен. Сіңлісі екпеге кіріп шыққаннан кейін өзіне салынған екпенің "СпутникV" екенін байқаған. Бұған дейін екеуі де "Хаятты" алған.
Студентке екінші компонентті "Спутниктен" салып жібергені анықталған. Бүгінде оның денсаулығы бірқалыпты. Студент қыз вакцинаны Санкт-Петерборға оқуға барарда қиындық тумасын деп өз еркімен салдырыпты. Енді ол күн сайын өзінің денсаулығы жайында дәрігерлерді хабардар етуі тиіс. Ал компонеттерді шатастырып алған медбике жазаланды.
"Қате жіберген медицина қызметкеріне тәртіптік жаза қолдандық. Ол екпе жұмыстарынан шеттетілді. Шатыстырмас үшін енді вакцинаның әр түріне жеке кабинеттер белгіленді. Ал екі түрлі вакцинаның компонеттерін алған Қарағанды қаласының тұрғыны біздің ерекше бақылауымызға алынды. Тіпті бұл жөнінде республикалық дәрігерлер консилиумын өткізуді жоспарлап отыр", - дейді Қарағанды қаласы №1 емхана директорының орынбасары Ирина Кузнецова.