«Ауыл – ел бесігі» жобасы Сыр өңірінде қарқынды дамуда

1 297

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бөлінген қаржыны игеру бойынша Қызылорда облысы үздік өңірлер қатарында, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов аталған жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланған Үкімет отырысында айтылды.


Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жобаны жүзеге асыру барысын баяндады. Сондай-ақ, бірқатар облыс әкімдері атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады.


Үкімет басшысы 2019-2022 жылдары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша мыңнан астам ауылда 3,7 мыңнан астам жоба іске асырылғанын, сондай-ақ 33 мың жұмыс орны ашылғанын атап өтті.


«Биыл 800 елді мекенде шамамен 2 мың жоба жүзеге асырылады. Бөлінген қаржыны игеру қарқыны Павлодар, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында жақсы», - деді Премьер-министр.


Мұнан бөлек, жиында ауылдық елді мекендерді дамытуға жеке кәсіпкерлерді тартудың үлгілері атап көрсетілді. Мысал ретінде Жаңақорған және Сырдария аудандарында саябақ салуға қаражат бөлген «Азимут» ЖШС мен «Абзал и К» ӨК үлесі туралы айтылды.


Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы «Ауыл – ел бесігі» жобаларын сапалы және уақытында іске асыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды барынша қаржыландыру мәселесін пысықтау қажеттігін атап өтті.


 «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауылдардағы тұрмыс-тіршілікті жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар шалғай ауылдарды да аудан стандартына сай әрі модернизацияға лайық етіп, жаңа бір деңгейге көтеру мақсатын көздейді. Жаңа жоба шеңберінде жастар жұмылып жұмыс істеп, ауылдарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуға ат салыса алады. Ауыл тұрғындарының материалдық әл-ауқатын көтеру үшін кәсіпкерлердің де үлесі зор болмақ.


Осындай мақсаттарға жету үшін мынадай міндеттер қойылып отыр:


• ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту;

• әлеуметтік аймақтарға білімді мамандар жіберу;

• ауылдағы жас кәсіпкерлерді қолдау.


«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы 2020-2025 жылдары аймақтарды дамытуға бағытталған. Бағдарламада ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту және ауылдарды үлкейту үшін бірнеше бағыт қарастырылған.


Бірінші бағыт – функционалды қалаларды модернизациялау. Оған 4 ірі қала – Алматы, Нұр—сұлтан, Шымкент, Ақтөбе кіреді. Сонымен қатар 13 облыс орталығы және Семей қаласы да бар.


Екінші бағыт – шағын және ірі қалаларды дамыту. Бұл бағыт бойынша инженер-коммуникация инфрақұрылымына қатысты шағын және орта бизесті дамыту. Демек, ірі қалаларда басты капиталға құятын инвестиция кқлемін арттыру.


Қазір 27 ірі қалаға арналған 57 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. «Якорь» проектісімен жұмыс жасау 8,6 мың жұмыс орнын ашып, инвестиция көлемін 749,4 млрд теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Шикізат өндірісін дамыту, оның ішінде металл өндіру, тау-кен өндірісі, химия және тағам өндірісі, түсті металлургия, минерал өнімдері тұрақты түрде табыс әкеліп тұр.


Үшінші бағыт – ауылдық елдімекендерді дамыту, оның ішінде орталық ауылдардың инфрқұрылымын, тұрмыс салтын жақсарту. Бұл бағыт бойынша ауылдық елдімекендерге қойылатын талаптар нақтыланады, арнайы әдістеме жасалады.


Осы әдістемеде 150-ден астам бағалау критериі қарастырылған. Мәселен, халық санының өсу қарқыны, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы ЖШҚ, жұмыспен қамтудың өсу динамикасы, олардың ірі елдімекендерге жақын болуы және басқалары. Осы әдістемеге сай 3,5 мың ауыл қарқынды дамығаны анықталды.


Ауылды гүлдендіремін дегендерге несие алу жағдайы да жеңілдетілген.