Электр энергетикасы саласын дамыту және цифрландыру мәселесі талқыланды
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде электр энергетикасы саласын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды. Отырысқа облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері селекторлық режимде қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қызылорда облысы тарапынан отырысқа өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
Энергетикалық инфрақұрылым жаңғыртылуда
Аймақ басшысы өз баяндамасында өңірдегі энергетикалық инфрақұрылым нысандарының жыл сайын жаңартылып отырғанын атап өтті. Бүгінде облыс аумағында әртүрлі кернеудегі 10 мың шақырымнан астам электр желісі және 2 мыңға жуық қосалқы станция бар.
2025 жылы энергетика саласын жаңғыртуға 6 млрд 100 млн теңге бөлініп, 280 шақырым электр желісі мен 87 қосалқы станция қайта жаңғыртылды. Соның нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 62 пайыздан 60 пайызға дейін төмендеді.
Жаңа жылу-электр орталығы – өңір дамуының жаңа кезеңі
Президенттің тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау және жаңа қуат көздерін іске қосу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Соның айғағы – Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватт электр энергиясын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығының (ЖЭО) құрылысы толық аяқталды.
Жобаны түркиялық «Aksa Energy» компаниясы жүзеге асыруда. Инвестор негізгі және қосалқы қондырғыларды 100 пайыз жеткізіп, бүгінде станцияның бірінші іске қосу кешенін толық дайындап отыр.
Бұл жоба облысты электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға зор серпін береді. Ал орталық толық қуатына қосылғаннан кейін, Қызылорда облысы өзге аймақтарға да электр энергиясын экспорттай алады.
Ірі ұлттық жоба – жаңа бу-газ станциясы
Сонымен қатар, отырыста еліміздің энергетикалық жүйесін нығайту бағытында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының бастамасымен жүзеге асырылатын жаңа жоба таныстырылды.
Құны 800 млрд теңге болатын бұл бастама аясында қуаттылығы 1100 мегаватт болатын бу-газ қондырғысы салынбақ. Жоба үшін 280 гектар жер телімі бөлініп, қазіргі таңда оның техника-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр.
Жаңа станцияның құрылысы 2026 жылы басталып, 2029 жылы толық аяқталып, елдің бірыңғай энергетикалық жүйесіне қосылады деп күтілуде.
Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мен жаңа қуат көздерін енгізу – еліміздің экономикалық өсімі мен өңірлік тұрақтылықтың негізгі кепілі.
Қызылорда облысында қолға алынған ірі жобалар – Президент тапсырмаларын жүйелі іске асырудың және инвестициялық саясаттың тиімділігінің нақты дәлелі.
Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, өңірдің энергиямен қамту жүйесін толық жаңғырту арқылы электр энергиясының тұрақтылығын, өндіріс көлемін және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.







