Қызылордалық бопсалаушылардың құрбаны бесінші қабаттан секіріп кеткен

2 564

Фото: видеодан кадрҚазақстанның бірнеше өңірінде бопсалаушылар тобы анықталды. Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметі 130-дан астам осындай фактіні анықтап, жолын кесті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.


8 ақпанда ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген Қызылорда облысының алты тұрғыны Астана-Павлодар тасжолында ұсталды.


Олар екі танысын күштеп көлікке отырғызып, пәтерге алып келіп, ұрып-соғып, қарумен қорқытып, екі күн бойы ұстап, 300 мың теңге мен ұялы телефондарын тартып алған. Сонымен қатар тағы бір миллион теңге талап еткен.


"Жәбірленушілердің бірі қашпақ болып, бесінші қабаттан секіріп кетіп, көптеген жарақат алды. Күдіктілер екінші жәбірленушіні көлікке отырғызып алып, ізін суытпақ болған кезде ұсталды. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр”, – деп хабарлады тәртіп сақшылары.


Оралда полиция қызметкерлері колледж студенттерінен құралған қылмыстық топты ұстады. Олар бопсалау, тонау және алаяқтықпен айналысқан. Аталған факті бойынша сегіз қылмыстық іс тергеліп жатыр және күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықталады.


Ақмола облысында екі жастар тобы арасындағы қақтығысқа тосқауыл қойылды. Оқиға орнында травматикалық және суық қару, дубинкалар, сондай-ақ соққы жасауға арналған басқа да металл және ағаш заттар табылып, тәркіленді. Қазіргі таңда адамдар тобымен жасалған бұзақылық фактісі бойынша іс қозғалды.


“Барлық факті бойынша күдіктілер ұсталды. Тергеу мүддесіне сай өзге ақпарат жарияланбайды. Құрметті азаматтар, егер сіз қылмыстық топтар тарапынан қол сұғушылыққа тап болсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз. Біз сіздің ақпаратыңыздың құпиялылығына кепілдік береміз және сізді қорғап, қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді саламыз”, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.