Жалағаш ауданының әкімі І жартыжылдықтың есебін берді
Тамыры терең, тарихы кенен Жалағаш ауданы қазіргі уақытта қайнаған қызу жұмыстың, тынымсыз тірліктің, қарқынды құрылыстың ордасына айналып келеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданымызда жоспарланған ауқымды шаралар жүзеге асырылып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жұмыстар атқарылып келеді.
Атқарылған жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы дамытуға, әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және аудан экономикасын әртараптандыруға бағытталған жұмыстар үзіліссіз жүргізіліп, нәтижесінде экономикада тұрақты өсім қалыптасты.
Жалағаш ауданы барлық бағыттар бойынша өсу динамикасын жалғастырып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда негізгі әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларына қол жеткізілді.
Сонымен қатар, бүгінгі күнге аудан бойынша жалпы құны 15,6 млрд. теңгені құрайтын 39 нысанның жоба-сметалық құжаттары дайындалып, республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландыру үшін тиісті салалық басқармаларға бюджеттік өтінім тапсырылды.”- дейді аудан әкімі.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес егіс алқабын әртараптандыру жұмыстары да жалғасуда. Суды аз қажет ететін дақылдар өткен жылмен салыстырғанда 597 гектарға көбейтілді.
Аудан шаруашылықтары тарапынан 2024 жылы 669,4 млн. теңгеге 13 дана ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.
Егін шаруашылығымен бірге ауданда мал шаруашылығы да тұрақты дамуда.
Аудан көлемінде барлығы 38 178 бас мүйізді ірі қара, 35 858 бас уақ мал, 30 602 бас жылқы, 838 бас түйе, 10 323 бас құс өсірілуде.
Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара -4,4 пайызға, жылқы саны 5,8 пайызға, құс 2,5 пайызға артты.
Айта кетейін, ауданда ауыл шаруашылығы жерлері бойынша биылғы жылы көлемі 17 000 гектар жер учаскесі конкурс арқылы айналымға енгізіледі (жоспар 17 мың га).
Елді мекендердегі жер учаскелерін аукцион арқылы сатудан аудан бюджетіне 15,0 млн. теңге қаржы түсті.
Жыл басынан бері мақсатына сай пайдаланылмаған не заңнаманы бұза отырып пайдаланылған барлығы 3730 гектар жер учаскесі мемлекет жер қорына қайтарылған.
Қазіргі таңда Жалағаш ауданы бойынша елді мекендерге бағытталған негізгі күре жолдардың барлығына күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Ел президентінің, үкімет басшысының және облыс әкімінің қолдауымен ауданаралық жолдардың мәселелері толық шешімін тапты.
Сонымен қатар, аудандық маңызы бар жолдармен, елді мекендердің ішкі жолдарын жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін көтеру мақсатында республикалық және облыстық бюджеттерден қаржыландыру үшін жалпы құны 1,8 млрд. теңгені құрайтын 7 жобаның құжаттары облыстық салалық басқармаға ұсынылды.
Алдағы уақытта бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен шешімін табатын болады.
Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша нақты нәтижеге жұмыс жасалуда.
Бүгінгі күні аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. Бүгінде аудан халқының 45,1 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр.
2023 жылы бастау алған Ақсу, М.Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстары қазіргі таңда қарқынды жүргізілуде.
Халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды фактор – сапалы инфрақұрылым, баспанамен қамту.
Ауданда республикалық бюджет және облыстың ішкі қарыздары есебінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 101 тұрғын үй сатып алуға 1 млрд. 484,6 млн. теңге бөлінді.
Жыл аяғына дейін жеке кәсіпкерлер арқылы аудан орталығынан салынған үйлер сатып алынып, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға табысталатын болады.
Бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан жобалар жыл аяғына дейін толық аяқталатын болады. Сапасы жеке бақылауымда.
Сондай-ақ, елді мекендердегі учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы аудандық бюджеттен 16,8 млн. теңге бөлініп, 5 қызметтік тұрғын үй алынса (Таң, Аққыр, Аламесек, Жаңаталап, М.Шәменов ауылдық округтері), биылғы жылы жалпы құны 10,2 млн. теңгеге 3 қызметтік тұрғын үй (Қаракеткен, Еңбек, Мырзабай ахун ауылдық округтері) сатып алынуда.