Нұрлыбек Нәлібаев туыстарының меншігінде жер телімдері бар-жоғына қатысты пікір білдірді
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде туыстарының иелігінде жер телімдері бар-жоғына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Жергілікті халықтың айтуынша, Қызылорда облысында сіздің туыстарыңыздың меншігінде көп жер бар көрінеді. Ол туралы не айтасыз?" - деп сұрады БАҚ өкілі.
Облыс әкімі егер туыстарының бірі заңсыз жер иемденген болса, заң аясында қайтарылатынын айтты.
"Сіз ол мәселе бойынша маған жазбаша сауал жолдаңыз. Болмаса, құқық қорғау органдарына да берсеңіз болады. Олар тексеріп, сізге ақпаратын береді. Мен сіздің сұрағыңызбен келіспеймін. Алса, кезінде заң аясында берілген. Қарапайым азаматтар үлескер ретінде алып жатыр ғой. Біз әкім болғанша, осыдан 20 жыл бұрын алған шығар. Ал басқа ондай иемденіп алып қойған жері жоқ. Жазбаша жолдасаңыз, міндетті түрде жауап береміз. Сізден кешірім сұраймын, оны ел айтты деп көтере берудің қажеті жоқ. Нақты дәлелмен сөйлеген дұрыс", - деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар әкім өңірде пайдаланылмай жатқан жер телімдерін қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын жеткізді.
"Бағана баяндамамда айтып кеттім. Былтыр 157 мың гектарды мемлекет меншігіне қайтардық. Биыл 200 мың гектардан артық жерді қайтарамыз деп жоспарладық. Оның ішінде біздің туыс бола ма, басқа бола ма, заңсыз алса, міндетті түрде мемлекетке қайтарылады. Оны менен басқа да органдар қарап, қадағалап отыр", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.