Қазақстандық балалар сабақтан тыс кезде қалай табыс табатынын айтып берді
Жыл сайын 1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтеді. Бұл - 1950 жылдан бастап ресми және халықаралық деңгейде тойлана бастаған, 71 жылдық тарихы бар айтулы дата. Балаларды қорғау күні – бұл тек көңілді мереке ғана емес, сонымен қатар бүлдіршіндердің құқықтарын қорғау қажеттілігі туралы қоғамға ой салатын күн.
Саябаққа кіреберісте түрлі-түсті мақта сатып тұрған Ақниет Дәулетхан жұмыс істеп тұр. Ол қаражат табу үшін Алматы облысы, Жаркент қаласы, Нағарашы ауылынан арнайы келген.
Айтуынша, еліміздің астанасына келіп, жұмыс істеп жатқанына екі ай болған.
"Төртінші тоқсан онлайн форматта өткендіктен, жұмыс пен сабақты үйлестіру қиынға соқпады. Сабақ бар кездері түскі сағат үште келіп, түнгі 11-ге дейін сауда жасайтынмын. Қазір таң ата келеміз, түнгі 11-лерге қарай қайтамыз. Күніне шамамен 5 мың теңге табамын. Мен қазір 16 жастамын, сол себепті жұмыс істеуге заң жүзінде рұқсатым бар. Дүкеннің санитарлық кітабы, құжаты бәрі түгел. Бізді үнемі тексеріп тұрады", - дейді Ақниет.
Алматылық жасөспірім шағын дүңгіршекте туысқан әпкесімен бірге тәттілерді сатумен айналысады. Осылайша 5 баланың үлкені отбасына қаржылық жағынан жәрдемдесемін дейді.
Ақниет қыркүйек айында 11-сыныпқа көшкен соң, ҰБТ-ға дайындықты бастайтынын айтады.
Ол болашақта IT маманы болғысы келеді.
"Ауылда қалған бауырларым жазда осында келіп, елорданы көріп қайтпақ ниетте. Жазғы демалысты көңілді өткіземін деп ойлаймын. Сол себепті де жұмыс істеуге келістім. Ата-анам әрине, барлығын біледі", - дейді жасөспірім.
Ал 9 жасар Әлібек Нұр-Сұлтан қаласындағы №65 мектеп-гимназияның 3-сыныбын аяқтапты. Ол жұмыс істеп жүргенін ата-анасына айтпаған. Әлібекке жұмыс беруші – 18 жастағы Әділбек есімді колледж студенті екен.
"Бізде мынандай аттракциондар бар. 5 минуты 500 теңге тұрады. Мен досыма көмектесемін. Маған ақшаны енді төлей бастайды, солай келістік. Ата-анам білмейді. Айтпаған себебім, олар біліп қойса, маған жұмыс істеуге рұқсат бермейді. Ал маған бұл жұмыс ұнайды. 5 күн бұрын бастадым. Ертеңнен бастап маған Әділбек ақша төлейді. Аттракционда өзім де отырып көрдім, ұнады", - дейді Әлібек Тілектесов.
Ол бұл жұмысты достарымен саябақта серуендеп жүріп тауып алғанын жасырмады.
"10 маусымға дейін жұмыс істеймін деп ойлап отырмын. Одан кейін тамыз айында бір ай істеймін. 10 маусымда ата-әжеме Атбасарға кетемін", - дейді еңбекқор бала.
Әлібек мектепте 4 пен 5-ке оқитынын және өскенде блогер болғысы келетінін жеткізді.
Осы ретте "КЕШ" құқық қорғау орталығының директоры, заңгер Кәмшат Шүнтекова Еңбек Кодексіне сай балалардың жұмыс істеу құқығы мен рұқсат етілген жұмыс кестесі жөнінде айтып берді.
"Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексі 69-бабына сәйкес, 14 жастан бастап 16 жасқа дейін балалар ата-анасының рұқсатымен аптасына 24 сағат жұмыс істей алады. Ал 16 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс кестесі рұқсат етілген. Жұмысқа орналасу кезінде баламен еңбек шарты жасалады. Кәмелетке толмаған баламен бірге құжатқа ата-анасының біреуі (немесе қамқоршы, асырап алушысы) қол қоюы керек, өйткені баланың жұмыс істеуі үшін оның рұқсаты қажет. Айта кетерлігі, ауыр жұмыс істеуге тыйым салынған. Балалардың жұмыс істеуден бас тарту құқығы бар. 14-16 жас аралығындағы балалар күніне 2,5, ал 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер күніне 3,5 сағат жұмыс істей алады", - дейді Кәмшат Есмұхамбетқызы.
Заңгердің сөзінше, жасөспірімдердің түнгі 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін жұмыс істеуге құқығы жоқ. Жұмыс беруші мен жасөспірім арасында келісімшарт жасалмаса, онда бірінші тарап 50-150 айлық есептік көрсеткіш аралығында айыппұл төлеуге міндеттеледі.
"14 жасқа дейінгі балалар да жұмыс істей алады. Қазақстанның еңбек заңнамасына сәйкес, оларға еңбек шарты бойынша циркте, театрда, концерттерде өнер көрсетуге немесе киноға түсуге болады (ҚР Еңбек кодексінің 31-бабы). Ең бастысы, денсаулық пен адамгершілік тұрғыда дамуына зиян келтірмеуі керек", - дейді маман.
Кәмшат Шүнтекова балақайларды бүгінгі Балалар күні мерекесімен құттықтап, Еңбек заңнамасындағы ережелерді ұмытпауды еске салды.