ҚЫЗЫЛОРДАДА КӘМЕЛЕТ ЖАСҚА ТОЛМАҒАН МЕКТЕП ОҚУШЫСЫНЫҢ ПЕРЗЕНТІН САТПАҚ БОЛҒАН

4 837

Қызылордада қаласының тұрғыны өз немересін саудалаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмай жүкті болып, жасанды түсік жасататын немесе ана атанатын қыздар жыл сайын көбейіп келеді.  Солардың бірі Қызылорда қаласында орын алды. Кәмелет жасқа толмаған жасөспірім қыздың ерте жаста ана атануын, тіпті  жаңа туған нәрестені сатпақ болған туған әжесі екендігін Әділдік жолы Республикалық қоғамдық бірлестігінің  Қызылорда облыстық филиал басшысы Ляззат Шайзадақызы өзінің әлеуметтік парақшасында жариялады:


«Сәби сауда нысаны ма?! Қызылорда қаласында тағы шақалақ баланы сату фактісі орын алған… Мектеп қабырғасында жүріп анасына қаржылай көмек көрсетпек болған 13-14 жасар қаракөзіміз кафеге официант болып жұмыс жасауға мәжбүр болған… Сабақ үлгерімі төмендеуі, мектепте ұйықтауы, сабаққа қатыспау сияқты жәйттер педагогтардыңда дабыл қағып, қызды іздеуге негіз болмаған…  Түнгі жұмыс, мөлдіреген бойжеткенге қызыққандар бұл заманда жетерлік, деседе 15 жасар қыз бүгінде босанып, анасы енді шақалақ немересін саудалаған… 

Адамда мейірім, ар және намыс мүлдем қалмаған ба әлде болмаған ба дерсің. 


Қыз жүкті ретінде тіркелген уақытта Qyzylorda PD-ға мәлімет берілгені анық… Ал, сол дерек бойынша кәмелетке толмағанмен жыныстық қатысқа түскен анықталып, іс қозғалды ма?! Баяғы жартас сол жартас болып қала бере ме Махсудхан Аблазимов?!


Қызылорда Облыстық Қоғамдық Кеңесінің соңғы отырысында қаралып, тиесілі ұсынымды еститін үкімет пен шенділер жоқ сияқты Нұрлыбек Нәлібаев, сол себепті бұл мәселеніде жіті бақылауыңызға алсаңыз… Болмаса педофилдерді жауапкершіліктен жалтарту фактілері тым жиілеуде»,- деген жазба қалдырған. 


Бұл қоғамдағы үлкен мәселе. Зерттеулердің қорытындысы бойынша, 18 жасқа толмаған жасөспірім қыздардың жүкті болуы тек медициналық емес, әлеуметтік мәселелердің біріне айналды. Жасыратыны жоқ, бүгінгі нарық заманда тіпті кәмелет жасқа толмаған мектеп оқушылары да ересек өмірге ерте қадам бастауына халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі себеп болып отыр. 


Мектеп қабырғасында жүріп жүкті болған оқушы қызбен білім ордасы тиісті психологиялық жұмыстар жүргізілмегендігінің нәтижесі емес пе? Алайда аталмыш мәселеге қатысты Қызылорда облыстық білім басқармасы:

«Аталмыш оқиға орын алған кезден бастап білім бөлімінің қамқоршылық қорғаншылық функциясын жүзеге асыратын орган мамандары тиісті шаралар атқарып, бақылауға алды. Өзіңіз атап өткендей, бала сату фактісі орын алған немесе алмағаны және құқықтық баға беру жөнінде қамқоршылық қорғаншылық орган мамандарымен Полиция департаментіне арнайы хат жолданған болатын.  Айта кетейік, бүгінгі таңда сәби кәмелетке толмаған анасының қолында екендігін жеткіземіз»,- делінген.


Шақалақты саудалаған әжесіне қатысты Қызылорда облыстық Полиция департаментіні:

«07.09.2023 жылы орын алған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 135-бабының 1-бөлігімен (кәмелетке толмағандар саудасы дерегі бойынша) қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру жүргізілуде.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу деректерін жария етуге жол берілмейді.

Осыған орай, полиция органы – кәмелетке толмағанға қатысты қылмыстық іс ерекше іс жүргізу тәртібінде жүргізіліп, жасалған жұмыстары немесе жүргізілген тергеу әрекеттері туралы толық ақпарат бере алмайды»,- деді.


Адам шошырлық жағдайдың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдары қандай кешенді іс-шаралар жүргізуде? Жаға ұстатар жағдайдың  ақ-қарасын енді заң органдары анықтай жатар. Біздікі құрсақтан шыға сала саудаға салынған сәбидің ендігі тағдыры тәлкекке түспесін деген тілек қана.