Қызылордада референдумға дауыс беретін азаматтар үшін арнайы платформалар іске қосылды
6 қазан күні елімізде Республикалық референдум өткізіледі. Маңызды саяси науқанда азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай үшін Қызылорда облысының әкімдігі арнайы платформаларды іске қосты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Облыс тұрғындары үшін referendum.orda.gov.kz сайты қолжетімді. Азаматтар сайтқа кіріп, ЖСН нөмірін теру арқылы өз учаскесін оңай таба алады.
"Қызылорда облысының әкімдігі референдумға қатысуға ниет білдірген азаматтар үшін арнайы 4 сервисті жүзеге асырды. Яғни тұрғындар аталған сайтқа кіру арқылы учаскелік референдум комиссиясының мекен-жайы, байланыс деректері және комиссия мүшелерінің құрамы туралы ақпаратты алады. Сондай-ақ әрбір азамат яндекс карта арқылы өз учаскесіне баратын жолдың сызбасын да көре алады. Бұл азаматтар үшін өте қолжетімді әрі оңай сервис болмақ.
Бұл қызметтер «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасында және телеграм желісінде де бар. https://t.me/referendumKzo_bot арнайы бот жұмыс істейді. Мұнда да әрбір дауыс беруші азамат ЖСН теру арқылы қажетті ақпаратты көре алады", – дейді Қызылорда облысы әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сабит Ибадулла.
Мұнан бөлек, референдум кезінде жергілікті тұрғындар үшін «Жедел әрекет ету орталығы» КММ-нің 109 бірыңғай байланыс қызметі 24/7 жұмыс жасауға дайын. Диспетчерлер тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, учаскелердің мекен-жайы туралы ақпарат беретін болады. Сондай-ақ дауыс беру күні Қызылорда қаласында 5 учаскеде онлайн сервис ашылып, тізімде жоқ азаматтарды тіркеу қызметімен айналысады.
Айта кетейік, азаматтарға референдум өтетін күн мен орны туралы смс хабарламалар жөнелтіледі.