Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басым бағыт

2 270

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметіҚазіргі таңда өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету – өндірістік саладағы ең өзекті және маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелілігі ел экономикасының тұрақтылығына, азаматтардың өмірі мен денсаулығының қорғалуына тікелей ықпал етеді. Осыған орай, Қызылорда облысында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының басшысы Әділжан Дабылов мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, басқарманың негізгі міндеттерінің бірі – қауіпті өндірістік объектілердегі апаттардың алдын алу, сондай-ақ мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін жетілдіру болып табылады. Аталған бағытта сала мамандары жүйелі түрде жұмыс атқарып келеді.

– Қауіпті өндірістік нысандарды салу, кеңейту, қайта құру, жаңғырту, консервациялау және жоюға арналған жобалау құжаттамасын қарау – басқарманың күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Бұл ретте біз өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуына баса назар аударамыз. Қызылорда облысында жүргізілген профилактикалық түсіндіру жұмыстары мен тексерулер нәтижесінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін бірқатар нысандар анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Бұл жұмыстар қала әкімдігі және басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп жүзеге асырылды, – деді Әділжан Бөріұлы.

Басқарма тарапынан жүргізілетін алдын алу шараларының бірі – қауіпті өндірістік объектілерге тұрақты бақылау орнату. Сонымен қатар, жаңа жобалар мен құрылыс нысандарын сараптау кезінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарының орындалуына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – апаттардың алдын алудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде қарастырылады.

Сала басшысы атап өткендей, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау – бұл тек қана мемлекеттік органдардың емес, сонымен қатар әрбір кәсіпорынның, өндірістік нысанның жауапкершілігі болып табылады. Осыған байланысты, өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мекемелермен және кәсіпорындармен өзара іс-қимыл күшейтіліп, түсіндіру және оқыту шаралары ұйымдастырылуда.

– Біздің басты мақсатымыз – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы орайда, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы талаптардың орындалуын бақылау, апаттардың алдын алу және тиісті мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету бағытында жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – деп түйіндеді сөзін Әділжан Дабылов.

Жалпы, Қызылорда облысында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жүйелі және кешенді шаралар аймақтың өндірістік әлеуетін қауіпсіздік тұрғысынан дамытуға бағытталған. Бұл – тұрақты дамудың, адами капиталдың қауіпсіздігі мен ел экономикасының өркендеуінің кепілі.