Аймақ басшысы Тәуелсіздік даңғылын жаңғыртудың екінші кезеңіндегі жұмыстармен танысты
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Қызылорда қаласында салынып жатқан жаңа жылу-электр орталығының және Тәуелсіздік даңғылын жаңғыртудың екінші кезеңі аясында атқарылған жұмыстармен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жаңа жылу-электр орталығы – энергия қауіпсіздігінің кепілі
Бүгінде облыс орталығының жылу және электр қуатына деген сұранысын толық қамтамасыз етуге бағытталған жаңа жылу-электр орталығының құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бұл – өңірдегі соңғы жылдардағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі.
Жобаның жалпы құны 215 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі уақытқа дейін 178 миллиард теңгеден астам шетелдік инвестиция тартылып, игерілді. Жобаны Түркияның «Aksa Energy» компаниясы жүзеге асыруда.
Құрылыс аясында заманауи қондырғылар орнатылуда:
- 2 газ турбиналық қондырғы (өндіруші – General Electric, АҚШ),
- 1 бу турбинасы (Doosan Skoda, Чехия),
- 2 бу қазандығы (AC Boilers, Италия),
- 4 жылу қазандығы (Mimsan, Түркия).
Бұдан бөлек, құрылыс материалдарының бір бөлігі жергілікті отандық өндірушілерден сатып алынуда. Бұл қадам ішкі нарықты қолдауға және жергілікті кәсіпкерлерді ынталандыруға бағытталған.
Инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жұмыстары да кешенді түрде жүргізілуде. Жоба аясында республикалық бюджет есебінен құны 15 миллиард теңге болатын 45 шақырымдық газ құбыры және автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды.
Бұл орталық іске қосылғанда қала тұрғындары үшін жылу мен жарық мәселесі толық шешіліп, Қызылорданың энергетикалық тәуелсіздігі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жаңа өндіріс орны өңір экономикасына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Тәуелсіздік даңғылы – заманауи көлік және жаяу жүргінші инфрақұрылымы
Қаладағы тағы бір ауқымды жоба – Тәуелсіздік даңғылын жаңғыртудың екінші кезеңі. Ұзындығы 2,867 шақырым болатын бұл жол учаскесі бүгінгі таңда заман талабына сай толық жаңартылып жатыр.
Жобаның ерекшелігі:
Ені 14 метрлік төрт жолақты автожол,
6 метрлік жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жолдар салынуда,
Көшелер жарықтандырылып, абаттандыру элементтерімен толықтырылуда.
Бұл жұмыс қала ішіндегі қозғалысты реттеуге, көлік кептелісін азайтуға, экологиялық және жол қауіпсіздігін жақсартуға мүмкіндік береді.
Жол сапасы – басты назарда
Аймақта көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі тұрақты бақылауда. 2025 жылдың 9 айында:
Жалпы ұзындығы 329 шақырым болатын автомобиль жолдары мен көшелер жөнделіп, қайта жаңартылды.
Жұмыстар республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден қаржыландырылды.
Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетіп отыр. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі.
Қызылорда облысында іске асырылып жатқан бұл ірі жобалар – аймақтың инфрақұрылымын заманауи деңгейге көтеруге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, өңірде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, инвестиция тартуға және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.
Жаңа жылу-электр орталығы мен жол-көлік инфрақұрылымындағы жүйелі өзгерістер – өңірдің дамуға бет алғанының жарқын дәлелі.