Аудан әкімі Ардақ Ибраимов теміржол вокзалының құрылыс барысын бақылап қайтты

1 572

Фото: Жалағаш аудан әкімдігіЖалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов жұмыс сапары аясында Жалағаш кентінде салынып жатқан теміржол вокзалының құрылыс алаңына барып, нысандағы жұмыстардың барысымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Құрылыс алаңында аудан басшысына жобаның орындалу мерзімі, құрылыс қарқыны және жұмыс сапасына қатысты ақпараттар ұсынылды. Ардақ Ибраимов мердігер ұйым мен жауапты сала өкілдеріне нысанның құрылысын жеделдетуді, сондай-ақ аумақты абаттандыру және көркейту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

– Бұл вокзал – тек көлік инфрақұрылымының ғана емес, аудан келбетінің де бір бөлігі. Сондықтан сапа мен қауіпсіздік – басты талап. Уақытылы әрі мінсіз аяқталғаны маңызды. Сонымен қатар, вокзал маңын абаттандыру, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау – тұрғындар алдындағы біздің ортақ міндетіміз, – деді аудан әкімі.

Жалағаш – теміржол торабының маңызды нүктесі

Айта кетейік, Жалағаш ауданы аумағындағы теміржол желісінің жалпы ұзындығы – 47 шақырым. Жалағаш станциясы арқылы бірнеше бағытта жолаушылар пойыздары тұрақты түрде қатынайды. Олардың қатарында:

"Алматы – Ақтөбе"

"Маңғыстау – Алматы"

"Қызылорда – Павлодар", тағы да басқа бағыттар бар.

Жаңа теміржол вокзалының пайдалануға берілуі – жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға, қызмет көрсету сапасын арттыруға, сондай-ақ ауданның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.

Бақылау мен талап – тұрақты негізде

Аудан әкімдігі тарапынан барлық инфрақұрылымдық жобаларға тұрақты бақылау жүргізілуде. Ардақ Ибраимов құрылыс жұмыстарының әр кезеңі белгіленген стандарттарға сай атқарылуы керектігін еске салып, жауапты тұлғалардан апталық негізде есеп ұсынуды талап етті.

Жаңа вокзал жобасы заманауи талаптарға сай әзірленген. Нысанда жолаушылар залы, кассалар, күту алаңдары, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инфрақұрылым, санитарлық-гигиеналық тораптар және бейнебақылау жүйелері қарастырылған.