Қызылордада «Алтын күз – 2025» аясында Жалағаш ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

1 572

Фото: Жалағаш аудан әкімдігіБүгін Қызылорда қаласында «Алтын күз – 2025» мерекесіне орай Жалағаш ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Таңғы сағат 08:00-де басталған жәрмеңкеде қала тұрғындарына аудан диқандары мен шаруашылықтарының өнімдері базар бағасынан 15–30 пайызға төмен бағамен ұсынылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Іс-шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, жәрмеңке алаңын аралап көрді. Аймақ басшысы аудан еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегін атап өтіп, өнімдердің сапасы мен бағасының қолжетімділігіне жоғары баға берді.

Жәрмеңкеге 60 автокөлікпен 43 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Сауда сөрелерінде қала тұрғындарына 40 тонна күріш, 30 тонна картоп, 20 тонна жуа, 20 тонна асқабақ, 10 тонна сәбіз, 10 тонна қауын, сондай-ақ 15 тонна қарбыз, қызанақ, қияр, бұрыш, қырыққабат, баклажан, қызылша, алма, балық, ет және сүт өнімдері ұсынылды.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығына қажетті 10 тонна мал азығы, 300 дана жоңышқа және 500 дана шөп пресс те қолжетімді бағамен сатылымға шығарылды.

Жәрмеңке барысында қала тұрғындары аудан өнімдерінің сапасына және бағасына жоғары баға беріп, жалағаштық диқандар мен шаруаларға өз ризашылықтарын білдірді.

«Мұндай шаралар ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтып, отандық өнімнің қолжетімді болуына мүмкіндік береді. Бұл – аудан еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің нақты нәтижесі», – деді аймақ басшысы.

Жәрмеңке жергілікті өнім өндірушілерді қолдауға, тұтынушыларға сапалы әрі арзан өнім ұсынуға, және өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыруға бағытталған.