Аудан әкімі Талайлы Бөріқұлақовты 70 жас мерейтойымен құттықтады
Қазалы ауданында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ауданның құрметті азаматы және аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақовтың 70 жас мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов мерейтой иесін құттықтап, Сыр елінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ризашылығын білдірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аудан басшысы сөзінде Талайлы Әмитжанұлының ел дамуына сіңірген еңбегін атап өтіп:
Сыр елінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Талайлы Әмитжанұлына Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы мен аудан әкімінің құттықтауы табысталды. Мерейтой иесін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш және ел ағасы Өмірзақ Түктібаев құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Талайлы Бөріқұлақов 1955 жылы 2 қазанда Қазалы ауданы, Жаңаталап елді мекенінде дүниеге келген. Еңбек жолын 1973 жылы Өркендеу совхозында бригада есепшісі ретінде бастаған. 1978 жылға дейін совхозда экономист-бухгалтер болып қызмет атқарып, осы жылдары қоғамдық негізде совхоз комсомол комитетінің секретары міндетін атқарған.
1978–1992 жылдары Жаңақұрылыс совхозында бас экономист, Майдакөл және Парт съезд совхоздарында бас бухгалтер, Энгельс атындағы совхозда кәсіподақ комитетінің секретары және директордың орынбасары, аудандық қаржы бөлімінде бас маман қызметтерін атқарған. 1992–1997 жылдары Мемлекеттік қаржы бақылау комитетінің Қазалы аудандық бөлімінің бастығы болды.
1997–2007 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазалы аудандық салық комитетінің төрағасы, 2007–2016 жылдар аралығында IV және V шақырылған Қазалы аудандық мәслихатының хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. 2016–2018 жылдары аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы, 2018–2022 жылдары «Сыр маржаны» ЖШС директорының орынбасары болды.
2022 жылдан бастап Қазалы аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы және «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің Қазалы аудандық филиалының директоры қызметін атқарып келеді.
Мерейтойға арналған салтанатты шарада Талайлы Бөріқұлақовтың өнегелі өмір жолы мен елге сіңірген ерен еңбегі ерекше атап өтілді. Құттықтау сөздерінде оның адал қызметі мен жоғары кәсібилігі, аудандағы қоғамдық жұмыстарға қосқан үлесі атап өтілді. Мерейтойға қатысушылар аудан тұрғындарының атынан мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ өмір және отбасының амандығын тіледі.