Жалағашта ұстаздар күні салтанатты түрде атап өтілді
Бүгін Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Ұстаздар күніне арналған «Қалдырған ізің мәңгілік…» атты салтанатты жиын өтті. Ұрпақ тәрбиесі мен білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ұлағатты жандарды ұлықтау шарасы ерекше жылы лебіздер мен марапаттарға толы болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мерекелік жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ғани Сүлейменов аудан ұстаздарын аудан әкімінің атынан құттықтап, білім беру саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар мұғалімдерді марапаттады.
Салтанатты жиында білім саласында үздік нәтижелер көрсеткен педагогтар мен мектептер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, облыстық және аудандық деңгейдегі Алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар, үздік мұғалімдерге арнайы сый-сияпаттар табысталды. Атап айтқанда:
- №201 мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Айгүл Шілдебаеваға,
- №32 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Мархаббат Мұстафаеваға,
- №201 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Дәулет Шаханға
- «Біркөлік» оңалту-сауықтыру кешеніне жолдама берілді.
Шара барысында аудандағы білім беру мекемелері арасында өткізілген байқаудың қорытындысы жарияланып, үздік білім ұжымдарына арнайы номинациялар мен жүлделер табысталды:
- «Білім бәйтерегі» – Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейі
- «Үздік инновациялық мектеп» – Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі
- «Үздік жаңашыл мектеп» – №31 мектеп-гимназиясы
- «Үздік шығармашыл мектеп» – №114 орта мектебі
- «Үздік табысты мектеп» – №118 орта мектебі
- «Үздік мектепке дейінгі ұйым» – №13 «Балдырған» бөбекжай-бақшасы
Бұл білім ордаларына 1 миллион теңге көлеміндегі сертификаттар табысталып, ұжым еңбегі лайықты бағаланды.
Жиын соңында ауданның көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылып, ұстаздар қауымына мерекелік көңіл-күй мен рухани сый тарту етілді. Сахна төрінде шырқалған әндер мен көркемсөздер ұстаздарға деген шексіз алғыс пен ілтипатты жеткізді.
Ұстаздар – қоғамның темірқазығы, елдің ертеңін тәрбиелейтін ардақты жандар. Осындай құрметке лайық мерекелік жиындар олардың еңбегін бағалап, мәртебесін асқақтата түсетіні сөзсіз.