Қазалыда Сыр елінің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды

1 572

Фото: Қазалы ауданының әкімдігіБүгін Қызылорда қаласындағы Өнер орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Тарихы терең, бірлігі бекем Сыр елі» атты кең көлемді салтанатты шара өтті. Әлеуметтік-экономикалық даму жолында табысты еңбек етіп жүрген сала үздіктері марапатталып, өңірдің өркендеуіне қосқан үлестері лайықты бағасын алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Облыс орталығындағы салтанатты жиыннан кейін марапаттау рәсімі Қазалы ауданында жалғасты. Роза Бағланова атындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, облыс әкімінің Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға арналған «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттарын» табыс етті.

Аудан әкімі өңір жұртшылығына облыс басшысының алғысын жеткізді

Жиын барысында Алмасбек Әбілқасымұлы облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының атынан қазалылықтарға шынайы ризашылығын білдірді. Ол Мемлекет басшысының жуырда Сыр өңіріне жасаған жұмыс сапарында Қызылорда облысының даму қарқынына жоғары баға бергенін еске салды.

– 30 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймағымызда атқарылып жатқан бірқатар әлеуметтік, инфрақұрылымдық, өндірістік жобалармен танысып, облыс әкімінің жұмысына оң бағасын берді. Президентіміз «Облыс жақсы дамып келе жатыр, қарқыны жоғары» деп атап өтті. Бұл – өңірдің бірлігі мен еңбекқорлығының нәтижесі. Алаштың анасы атанған Сыр еліне жасалып жатқан қолдаудың игілігін бүгінде әрқайсымыз көріп отырмыз, – деді аудан әкімі.

Аудан басшысы сонымен қатар Қазалының соңғы жылдарда барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша 100 пайыздан жоғары нәтижелер көрсетіп келе жатқанын, бұл табыстар халықтың қолдауымен, бірлігінің арқасында мүмкін болғанын ерекше атап өтті.

Аудан бюджеті бірнеше есеге ұлғайды

Аудан әкімі өз сөзінде Қазалының даму динамикасына кеңінен тоқталды.

Биыл Қазалы ауданының бюджеті облыс әкімінің қолдауымен 18,9 млрд теңге көлемінде бекітілсе, есепті кезеңде нақтылағаннан кейін бюджет 26,7 млрд теңгеге жетті. Бұл қаражат әлеуметтік нысандарды салуға, инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға, жолдарды жөндеуге және халықтың күнделікті тұрмысын жақсартуға бағытталған.

Соңғы жылдарда салынған ірі нысандар

Қазалыда соңғы үш жылда әлеуметтік маңызы жоғары бірқатар нысандар ел игілігіне берілді:

  • Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп;
  • 600 орындық Мәдениет үйі;
  • Қ.Пірімов және Ү.Түктібаев ауылдарынан 2 спорт кешені;
  • Бозкөл, Кәукей, Абай ауылдарында 3 дәрігерлік амбулатория;
  • Кәукей ауылында 100 орындық ауылдық клуб;
  • 198 отбасыға жаңа баспана.

Биыл пайдалануға берілген нысандар

2024 жылдың басынан бері ауданда тағы да бірқатар маңызды нысандар іске қосылды:

  • жаңа прокуратура ғимараты;
  • Жанқожа батыр ауылындағы 300 орындық «Келешек мектебі»;
  • «Руханият» орталығы;
  • Қазалы мәдени-демалыс кешені.

Бұл нысандардың барлығы аудан халқының білім, мәдениет, құқықтық қызмет, спорт пен демалыс салалары бойынша сапалы қызмет алуына мүмкіндік береді.

Марапат иелеріне құрмет көрсетілді

Салтанатты шара соңында Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан, туған еліне қалтқысыз қызмет етіп жүрген қазалылық азаматтарға облыс әкімінің «Алғыс хаты» мен «Құрмет грамоталары» табысталды.