Қызылөзек ауылдық округінде қайта жаңғырған «Қожақ» көпірі пайдалануға берілді

1 562

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігіАймақ басшысының қолдауымен соңғы жылдары Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер салу, абаттандыру және инженерлік желілерді жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Сыр өңірінің бас шаһары бүгінде құрылыс кластеріне айналып, жаңа келбетке ие болуда.

Қала көлемінде жүргізілген жол инфрақұрылымын жаңғырту нәтижесінде соңғы екі жылда үш жаңа көпір салынса, тағы бірнеше нысан күрделі жөндеуден өтті.

Мәселен, әуежайдан қалаға дейінгі бағыттағы үш көпір қайта жаңғыртылды, Сұлтан Бейбарыс – Жаппасбай батыр көшелеріндегі теміржол үсті өткелі заманауи кейіпке енді.

Қазір Жанқожа батыр көшесі арқылы теміржол асты өткелі салынуда.

Осы игілікті істердің жалғасы ретінде бүгін Қызылөзек ауылдық округіндегі «Қожақ» автомобиль көпірі де қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Бұл ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышты сәті болды.

Тұрғындардың көпжылдық тілегі орындалды

Апатты жағдайда тұрған көпірді жөндеу қажеттілігі туралы мәселе бұған дейін бірнеше рет көтерілген еді. Халықтың осы өтініш-тілегі ескеріліп, аймақ басшысының қолдауымен облыстық бюджеттен 300 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Жаңартылған көпірдің ашылу салтанатына ел ағалары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.

Қала әкімі Нұржан Ахатов жиналған жұртшылықты қуанышты сәтпен құттықтап, бұл жобаның ауыл өмірі үшін маңызын атап өтті:

– Бұл көпірдің жөндеу жұмыстары туралы мәселе тұрғындар тарапынан жиі көтерілді. Сіздердің сол талап-тілектеріңіз бүгін орындалып отыр. Аймақ басшысының қолдауымен облыстық бюджеттен 300 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, нысан толықтай жаңғыртылды. Енді бұл көпір ел игілігіне ұзақ жылдар қызмет етсін, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Құрмет пен алғыс – еңбегі сіңген жандарға

Салтанатты рәсім барысында жаңғырту жұмыстарын жүргізген «N Строй Сервис» ЖШС қызметкерлеріне қала әкімі Алғыс хаттар табыстап, олардың сапалы еңбегін атап өтті.

Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов сөз сөйлеп, ауыл халқын қуанышымен құттықтады.

Ауыл ақсақалы ел бірлігі мен еңбектің берекесін тілеп, жиналғандарға ақ батасын берді.

Қызылөзек – жаңа даму кезеңінде

Айта кету керек, биылдың өзінде Қызылөзек ауылдық округінің инженерлік-инфрақұрылымын дамытуға барлық қаржы көздерінен 1 млрд 600 млн теңге бөлінді.

Бұл қаражат есебінен:

  • елді мекеннің электр желілері қайта жаңғыртылуда;
  • жол құрылыстары жүргізіліп, көшелерге күрделі және орташа жөндеу жасалуда;
  • жарық шамдары орнатылып, балалар ойын алаңының құрылысы басталды.

Сонымен қатар, ауылды көгілдір отынмен қамту мақсатында 26 млн теңгеге газдандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды.

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі