Қызылордада 1100-ден астам жасөспірім құқық бұзғаны үшін ұсталды
Осы уақытта үй-жайларды тексеру шаралары барысында тіркеуден өтпеген 56 аңшы қаруы (шолақ мылтық), сондай-ақ 5 газды, 1 ұңғысыз тапанша және 1 иір ойықты қару анықталып, тәркіленді. Бұған қоса, қаруды сақтау және алып жүру қағидаларын бұзған 141 азаматқа қатысты Әкімшілік кодекстің 484 және 486-баптары бойынша хаттама толтырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, профилактикалық іс-шара кезінде 1154 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталған. Оның 58-і бейімдеу орталығына орналастырылды, қалғандарына түрлі құқықбұзушылықтар бойынша хаттама рәсімделді. Сондай-ақ қоғамдық оқшаулаумен байланысты емес жазаны өтеу шарттарын бұзудың 92 дерегі анықталды. Құқықбұзушылық жасаған 1225 адам ішкі істер органдарына жеткізіліп, олардың саусақ іздері алынды.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Рауан Әлдешов профилактикалық іс-шараның 1 желтоқсанға дейін жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, полицейлер аймақты аралау барысында арнайы киім үлгісінде болады.







