Ардақ Ибраимов республикалық байқауда жеңіске жеткен «Ұлағатты аналар» кеңесінің мүшелерін қабылдады

1 523

Фото: Жалағаш ауданының әкімдігіБүгін Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов «Өнерлі елдің өресі биік» республикалық байқауында бас жүлде иеленген аудандық «Ұлағатты аналар» кеңесінің мүшелерін қабылдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Кездесу Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шаралардың қорытындысы негізінде өтті. Жиынға аудандық Ақсақалдар, Аналар және Әйелдер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ Қазақстан Халқы Ассамблеясының белсенді қатысушылары қатысты.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов кездесуде аналарға ізгі тілектерін білдіріп, олардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. 

«Дүниедегі барлық ізгілік ананың жүрек жылуынан, ақ ниетінен бастау алады. Сіздер отбасының ұйытқысы ғана емес, ел болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде зор еңбек етіп келесіздер. Мәдени іс-шараларда белсенділік танытып, түрлі байқауларда жетістікке жетіп жүрген аналарымызға алғысымды білдіремін. Аудандағы ұлттық идеологиямызды, салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұрпақ тәрбиесі жолында елеулі еңбек етіп жүрген аналар кеңесінің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Ауданымыздың мерейін асырған ақжаулықты аналарға шексіз ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да «Ұлағатты аналар» кеңесі ұрпақ тәрбиесінің ұйытқысы болып, жемісті еңбек ететініне сенімім мол. Сіздерге және сіздер арқылы барлық белсенді аналарға ел игілігі жолындағы игі істеріңізге табыс, отбасыларыңызға береке-бірлік, дендеріңізге саулық тілеймін», – деді аудан әкімі.

Аудандық «Ұлағатты аналар» кеңесі ұрпақ сабақтастығын сақтауға, ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтарды насихаттауға айтарлықтай үлес қосып келеді. Кеңес мүшелері 2024 жылы Түркістанда өткен ІІ республикалық «Шуақты шақ – 2024» ән байқауында, 2025 жылы Байқоңыр қаласындағы VІІІ «Халықтар достығы» халықаралық фестивалінде жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, жуырда Алматыда өткен «Өнерлі елдің өресі биік» республикалық байқауында аналарымыз «Хормен ән салу», «Бата беру», «Сән көрсету» номинацияларында жоғары бағаланып, бас жүлдені иеленді. Жеңімпаздар 2026 жылғы 3 мамырда Республика сарайында өтетін гала-концертке арнайы шақырту алды.

Сонымен қатар, Ақсу ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Тоқпанбетова Күлдәш Ордабайқызы 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында, Республика күніне орай ұйымдастырылған «Үздік Еңбеккер – 2025» республикалық байқауына қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Қабылдау барысында аудан әкімі өнерлі аналарды марапаттап, оларға қаржылай сертификат табыс етті. Салтанатты жиында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қаламгер Рысбай Кәрімов, «Жалағаш – достық мекені» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Нұржанқызы, Ақсу және Бұқарбай батыр ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымдары Күлдәш Тоқпанбетова мен Үрләй Набиқызы сөз сөйлеп, белсенді ақжаулықты аналарды құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Кездесу барысында атап өтілгендей, «Ұлағатты аналар» кеңесі елдің мәдени және ұлттық құндылықтарын дәріптеу, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, сондай-ақ отбасының берекесін сақтау жолында елеулі еңбек атқарып келеді. Мұндай шаралар аналардың қоғамдық өмірдегі рөлін одан әрі нығайтуға және олардың жетістіктерін аймақ және республикалық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.