Қызылордада құрылыс талаптарын бұзғандарға 127 млн теңге айыппұл салынды
Биыл 11 айда Қызылорда облысының орталығы мен аудан аумақтарында 555 нысанға мониторинг жүргізілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мониторинг қорытындысын жариялады.
Осы уақыт ішінде аталған ведомствоға жеке және заңды тұлғалардан 893 өтініш түскен. Соның 798-і бойынша заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданып, жауап берілді. 92 өтініш қаралу реттілігімен тиісті органдарға жолданса, 3 өтініш қаралып жатыр. Өтініштерді қарау тәртібі мен мерзімдерін бұзу деректері тіркелмеді.
Тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталып, бірқатар заңсыз құрылыс нысанының иелеріне айыппұл салынды.
Құрылыс сапасына бақылау күшейтілгелі нысандардың беріктігі мен орнықтылығына тікелей әсер ететін заң талаптарын өрескел бұзған 4 техникалық қадағалау сарапшысына әкімшілік айыппұл салынды. Оған қоса аттестат қолданысы 6 айға тоқтатылды. Екі сарапшыға тиесілі аттестат күші жойылды.







