Қызылордада жалғызбасты ана баспанасына кіре алмай қалған
Қызылордалық жалғызбасты анаға “Отбасы банк” су жаңа пәтер берген. Кезегі жетіп, жоғарғы қабаттан пәтерлі болғанымен, әйел үйіне кіре алмай отыр,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған анаға берілген тұрғын үйде жеделсаты болмай шықты, арбамен көтерілуге жағдай жасалмаған екен. 15 жастағы ұлының тірек-қимылы бұзылған, әрі қос жанары көрмейді.
Перизат Оржанованың кішкентайынан сал ауруына шалдыққан ұлы және тағы бір қызы бар. Бұл отбасы 12 жылдан бері осы апатты жағдайдағы уақытша баспанада күнелтіп жүр. Жалғызбасты анаға жаңа жыл қарсаңында мүгедек күтушісі санаты бойынша үй кезегі келген. Бірақ бұл жаңалық ананы қуанта қоймапты. Өйткені, “Отбасы банк” арбаға таңылған ұлымның бар екенін біле тұра бесінші қабаттағы пәтердің кілтін қолыма ұстатты дейді.
Отбасы банкінің” өкілдері көпқабатты үйде жеделсаты қарастырылған деп көрсеткен екен. Алайда арбамен көтеріліп түсуге мүлдем жағдай жасалмаған. Тіпті баспалдақтары да өте тар. Ал банк өкілдері жалғызбасты әйелдің жағдайынан хабардар екен. Олар пәтер кезегі автоматты жүйе арқылы реттелген деп ақталды.
Бірақ қала тұрғыны кезек тағы ұзаққа созылып кете ме деп уайымдайды. Ал қазір мемлекет берген жаңа пәтерінің игілігін көре алмай, тек сыртынан қызығып жүр.







