Жалағаш ауданында макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім қалыптасты

2 511

Фото: © postscript.kz

Кеше аудан әкімінің міндетін атқарушы Ғани Сүлейменов төрағалығымен кезекті мәжіліс өткізіліп, онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен өзекті мәселелері жан-жақты қаралды. Бұл туралы Opennews.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Мәжіліс барысында 2026 жылдың қаңтар–наурыз айлары аралығындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, республикалық бюджеттің атқарылу барысы, сондай-ақ Таза Қазақстан аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, аудан әкімі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу деңгейі сараланып, тиісті сала басшыларының есептері тыңдалды.

Жиын барысында аудан экономикасының негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика қалыптасқаны атап өтілді. Атап айтқанда, 2026 жылдың алғашқы үш айында өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 24,6 пайызға артып, жалпы көлемі 8 355,0 млн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өңірдегі өндірістік әлеуеттің артып келе жатқанын көрсетеді.

Өңдеу өнеркәсіп саласында да өсім байқалады. Каспий Петролиум және Номад Солар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өндірістік қызметі нәтижесінде салада 19,7 пайыздық өсім тіркеліп, 2 080,0 млн теңгенің өнімі өндірілген. Дегенмен, химия өнеркәсібінде Агрохимсервис-С серіктестігі аммоний сульфаты өндірісін 50 пайызға төмендеткені айтылып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі көтерілді.

Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі де жоспардан жоғары орындалып, 125,2 пайызды құрап, 7 180,0 млн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш ауданның инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын айғақтайды. Мәжілісте әр ай қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігі ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар, өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында халықты жұмыспен қамту көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізу тапсырылды. Аудан бюджетінің жалпы түсімдер жоспары 106,7 пайызға орындалып, оның ішінде жергілікті кірістер бойынша жоспар 126,5 пайызға артығымен орындалғаны мәлім болды.

Жиында экологиялық бағыттағы жұмыстарға да ерекше назар аударылды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан көлемінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігі тапсырылды.

Өз сөзінде Ғани Сүлейменов ауыл-аймақтардың келбетін жақсарту, елді мекендерді көркейту мен көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау – күнделікті назарда болуы тиіс негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті. Ол жауапты сала басшыларына қоқыстарды белгіленген орындарға уақытылы шығару, абаттандыру жұмыстарын сапалы жүргізу, сондай-ақ кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандардың қасбеттерін жөндеу жұмыстарын талапқа сай орындау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

– Елді мекендердің тазалығы мен көркі – тұрғындардың өмір сапасының көрсеткіші. Сондықтан абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі әрі сапалы жүргізілуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстарға немқұрайлы қарауға болмайды, – деді ол.

Жиын қорытындысы бойынша барлық жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді. Мұндай мәжілістер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақты бақылауға алып, алға қойылған мақсат-міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды алаң болып табылады.