ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиын барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бұйрығымен Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры лауазымына тағайындалған Абизов Ділмұхамед Мінуарбекұлы ресми түрде таныстырылды.
Мәжілісте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін жетілдіру және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері кеңінен сөз болды. Облыс әкімі жаңа басшыға бірқатар маңызды міндеттер жүктеп, кәсіпкерлік саласындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті.
«Өңірімізге инвесторлар тарту және олардың жобаларын “бір терезе” қағидаты бойынша сүйемелдеуді жүйелі түрде
ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар жергілікті бизнес субъектілерінің “Қазақстандық тауар өндірушілердің тізімі” жүйесіне тіркелуін, өтінім беру процесін оңтайландыруды және бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырамын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Әкімнің айтуынша, кәсіпкерлер палатасы жергілікті бизнестің дамуына тірек болатын негізгі институттардың бірі ретінде әрекет етіп, өңірдегі өндіріс көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өнімдердің нарықтағы үлесін көбейтуге ықпал етуі тиіс.
Жаңа директор Абизов Ділмұхамед Мінуарбекұлының еңбек жолы әртүрлі салалармен тығыз байланысты. Ол 1978 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Білімі бойынша техникалық және экономикалық бағыттарды меңгерген. Атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Мұнай және газ кеніштерін игеру мен пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтында «Экономика» мамандығын игеріп, Омбы гуманитарлық академиясында осы бағыт бойынша магистр академиялық дәрежесін алған.
Еңбек жолын ол мұнай-газ саласынан бастап, «Сырдария мұнай» акционерлік қоғамында бұрғылаушы қызметін атқарған. Уақыт өте келе жеке секторда түрлі басқарушылық лауазымдарда тәжірибе жинақтап, өндіріс пен бизнесті басқару саласында мол тәжірибе қалыптастырды.
Әр жылдары ол өңірдің экономикалық және инвестициялық даму бағыттарына тікелей қатысы бар бірқатар ұйымдарда басшылық және бақылау кеңестерінің мүшесі қызметтерін атқарды. Олардың қатарында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының директорлар кеңесі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі, «Каз Текстиль» өзін-өзі басқару ұйымының директорлар кеңесі, сондай-ақ «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» бақылау кеңесі бар.
2025 жылдың қыркүйек айынан бастап осы уақытқа дейін Ділмұхамед Абизов Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына және жергілікті басқару жүйесін жетілдіруге үлес қосып келді.
Жаңа қызметінде ол өңір кәсіпкерлерімен өзара байланысты күшейтіп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және жергілікті өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды көздейді.
Мәжіліс соңында облыс әкімі жаңа директорға сәттілік тілеп, өңір экономикасын дамыту жолында жауапты міндеттерді тиімді атқаруына сенім білдірді.







