ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА БІРҚАТАР АЗАМАТТАР МАРАПАТТАЛДЫ

1 507

Қызылорда облысы әкімдігі ғимаратында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен мәжіліс өтіп, жалпыхалықтық референдумды ұйымдастыру мен оны жоғары деңгейде өткізуге белсенді атсалысқан азаматтарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.

Жиында сөз алған аймақ басшысы Мемлекет басшысының жаңа Конституцияның маңызы туралы айтқан пікірін атап өтіп, Ата заңның ел дамуы үшін айрықша тарихи құжат екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа Конституция тәуелсіздікті нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Сонымен қатар елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын «заң мен тәртіп», «бірлік пен әділдік» қағидаттарын күшейтеді.

Облыс әкімі референдум кезінде Сыр өңірі тұрғындарының белсенділік танытып, жоғары жауапкершілік көрсеткенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, өңір халқы ұйымшылдық пен бірліктің үлгісін көрсетіп, еліміз бойынша үздіктер қатарынан көрінген.

Мәжіліс барысында бірқатар азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен және «Барыс» төсбелгісімен облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов марапатталды. Сонымен қатар бірнеше азаматқа Президенттің Алғыс хаттары табысталды.

Айта кетейік, 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумда қазақстандықтар жаңа Конституцияны қолдап дауыс беріп, елдің болашақ даму бағытын айқындауға үлес қосты. Референдум қорытындысынан кейін Мемлекет басшысы жаңа Ата заңға және оны іске асыру жөніндегі Жарлыққа қол қойған болатын. Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді.


Фото: © Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.