ҚЫЗЫЛОРДАДА «САБАНТОЙ–2026» МЕРЕКЕСІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ
Қызылорда қаласындағы Батырхан Шүкенов атындағы саябақ аумағында татар этносының дәстүрлі ұлттық мейрамы – «Сабантой–2026» кең көлемде аталып өтті. Береке мен бірлікті, еңбек пен татулықты дәріптейтін бұл мереке қала тұрғындары мен қонақтарын, этномәдени бірлестіктердің өкілдерін, зиялы қауым мен өнер сүйер қауымды бір арнаға тоғыстырды.
Мерекелік шараның шымылдығы «Сарман» вокалдық тобының орындауындағы «Сыр елім» әнімен ашылып, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Сахнада қазақ және татар халықтарының мәдениетін үйлестірген ән мен би қойылымдары ұсынылып, көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады. Концерттік бағдарлама ұлттық нақыштағы өнер туындыларымен әрленіп, достық пен мәдени үндестікті айқын көрсетті.
Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген Артур Қамбаров өңірдегі этносаралық келісім мен қоғамдық
тұрақтылықты нығайтуда мұндай мерекелердің маңызы зор екенін атап өтті. Ол Сабантойдың халықтар арасындағы достықты бекемдеп, өзара сыйластық пен ынтымақтастықты арттыруға үлкен үлес қосатынын жеткізді.
Іс-шара барысында ұзақ жылдар бойы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген азаматтар арнайы марапаттарға ие болды. Оларға Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаты және облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының Алғыс хаттары табысталды. Бұл марапаттар этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы рөлін айшықтай түсті.
Мерекеде сөз алған Облыстық татар этномәдени орталығы төрағасы Галиа Гизатуллина Сабантойдың тарихына тоқталып, оның еңбек пен молшылықты дәріптейтін ежелгі дәстүр екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мереке ұрпақтар сабақтастығын сақтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде маңызды орын алады.
Шара аясында ұлттық спорт түрлерінен қызықты жарыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар татарша күрес, арқан тарту, қол күресі және кір тасын көтеру сияқты сайыстарда өз күштері мен шеберліктерін сынады. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар балаларға арналған ұлттық ойындар да өткізіліп, жасөспірімдер үшін ерекше мерекелік көңіл-күй қалыптастырды.
Мерекенің мәдени бағдарламасын халықаралық деңгейдегі өнерпаздар да толықтырды. Татарстаннан арнайы келген
әртістер мен Қазан қалалық филармониясының шығармашылық ұжымы көрермендерге жоғары деңгейдегі концерттік бағдарлама ұсынып, кештің көркін аша түсті.
«Сабантой–2026» мерекесі Қызылорда жұртшылығы үшін тек мәдени шара ғана емес, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтатын маңызды оқиға ретінде есте қалды.







