ҚАЗАЛЫДА «КӨК БАЙРАҒЫМ, ЖЕЛБІРЕ!» ФЕСТИВАЛЬ-КОНЦЕРТІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ
ҚАЗАЛЫДА «КӨК БАЙРАҒЫМ, ЖЕЛБІРЕ!» ФЕСТИВАЛЬ-КОНЦЕРТІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Көк байрағым, желбіре!» атты Қазақстан композиторларының фестиваль-концерті ұйымдастырылды. Ауқымды мәдени шара Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы ғимаратында өтіп, өнерсүйер қауымға ерекше рухани әсер
сыйлады.
Кеш барысында ҚР Композиторлар Одағының құрметті төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Балнұр Балғабекқызының, сондай-ақ ҚР Композиторлар Одағы басқарма мүшесі, «Мәдениет қайраткері» Сәукен Әлмамбетұлының және халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, дирижер Руслан Серікқалиұлының таңдаулы шығармалары орындалды. Бұл туындыларды Мырза халық аспаптар оркестрі жоғары кәсіби деңгейде шеберлікпен орындап шықты.
Концерттік бағдарламада ұлттық және заманауи музыка үйлесім тапқан кең ауқымды шығармалар көрермен назарына ұсынылды. Атап айтқанда, «Бөрілі менің байрағым», «Ақтайлақ», «Концерттік вальс», «Алтай–Атырау арасы», «Туған жерім – Күреңбел», «Қырғыз күй», «Сыр шертпе», «Қазақ елі» толғауы, «Дала үні» және «Ұлы дала қыпшақтары» сияқты туындылар зал толы көрерменнің зор ықыласына бөленді.
Кеш барысында өнерпаздар ұлттық рухты асқақтатып, ел тарихы мен мәдениетін бейнелейтін шығармаларды ерекше шабытпен орындады. Әрбір шығарма тыңдарманды терең ойға жетелеп, тәуелсіздік құндылығын сезіндіре түсті.
Шара соңында сөз сөйлеген аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы ауданы жұртшылығы атынан концерттің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық ұйымдастырушылар мен өнер ұжымына алғысын білдірді. Ол ұлттық өнерді
насихаттау мен дамытудағы мұндай бастамалардың маңызын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, аудан басшысы Балнұр Балғабекқызына Нұрлыбек Нәлібаев атынан «Алғыс хат» табыстап, иығына камзол мен жаулық жауып, құрмет көрсетті. Кеш барысында Сәукен Әлмамбетұлы мен дирижер Руслан Серікқалиұлы да көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, зор қошеметке ие болды.
Бұл фестиваль-концерт ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған маңызды мәдени шара ретінде ұлттық өнердің мәңгілік құндылығын, рухани мұраның сабақтастығын және қазақ музыкасының биік деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.







