ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАР ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНДА ҮЗДІК АТАНДЫ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАР ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНДА ҮЗДІК АТАНДЫ 🏆
19–27 сәуір күндері Өскемен қаласында 17 жасқа дейінгі жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Елдің әр өңірінен жиналған дарынды спортшылар қатысқан дүбірлі дода жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тартысты бәсекеге толы болды.
Аталған чемпионатта Қызылорда облысы құрамасы ерекше нәтижеге қол жеткізіп, 15 алтын, 5 күміс және 4 қола медаль иеленді. Нәтижесінде, қызылордалық спортшылар жалпыкомандалық есепте І орынды жеңіп алып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Жекелей сындарда да спортшылар жоғары шеберліктерін көрсетті. Атап айтқанда:
– 56 кг салмақ дәрежесінде Қайсар Мысырбек жұлқа көтеруде 96 кг, серпе көтеруде 114 кг нәтижемен қоссайыста 210 кг жинап, ІІ орынды иеленді;
– 60 кг салмақта Мұхамедәлі Қойшыбек 236 кг нәтижемен І орынды жеңіп алса, Асылжан Орынбай 224 кг
көрсеткішпен ІІІ орынға тұрақтады;
– 71 кг салмақта Бекзат Орынбай 258 кг нәтижемен алтын медальға ие болды;
– 79 кг салмақта Ернұр Мырзахмет 297 кг нәтижемен қарсыластарынан оқ бойы озып, чемпион атанды;
– 88 кг салмақта Омар Рамазан 298 кг жинап І орынды жеңіп алса, Қали Алишер 278 кг нәтижемен ІІ орынға ие болды;
– 94 кг салмақта Бахытбек Ерсұлтан 300 кг нәтижемен жеңіс тұғырынан көрінді.
Бұл жетістіктер Қызылорда облысы спортшыларының тыңғылықты дайындығы мен жоғары деңгейдегі жаттығу жүйесінің нәтижесі екенін көрсетеді. Жасөспірімдер арасындағы мұндай табыстар өңірдегі ауыр атлетика спортының қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайды.
Спортшыларды жарысқа дайындаған тәжірибелі бапкерлер – облыстың аға жаттықтырушысы Алмас Өтешов және жаттықтырушылар Айдар Ералиев, Роман Русяновский, Жеңіс Алдабергенов, Мақаш Азамат. Олардың кәсіби шеберлігі мен жүйелі еңбегінің арқасында жас спортшылар жоғары нәтижелерге қол жеткізуде.
Аталған чемпионат жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңы болып, олардың болашақтағы халықаралық жарыстарға дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл жеңіс – өңір спортының абыройын асқақтатып, жаңа белестерді бағындыруға жол ашатын маңызды қадам.
Қызылордалық жас спортшыларды жарқын жеңістерімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда да толағай табыстар тілейміз!







